08.12.2024 в 17:21

Түркістан облысының сауда өкілдігі Хубэй провинциясында ашылды

Түркістан облысы Қытай провинцияларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Жыл басынан бірнеше іссапарлар ұйымдастырылып, жергілікті басшылармен кездесіп, ірі кәсіпорындардың жұмыстарымен танысып, әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылған.  

Басты мақсат – халықаралық тәжірибені игеру, тәжірибе алмасу арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындарды аша отырып, халықты жұмыспен қамту болып табылады.

Сондай маңызды кездесулердің бірі, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бір топ шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлермен өтті. Онда облыс әкімі өңірдің құрылуынан бастап бүгінгі күнгі жағдайымен, экономикалық мүмкіндіктерімен таныстырып, облыстың қолайлы инвестициялық климатынан хабардар етті.

Бүгінде Түркістанда арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар, одан бөлек, «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 308 млрд теңгеге инвестиция тартылып, 151 өндіріс орындары салынбақ, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Өңірдің әлеуетімен, сәулетімен танысқан кәсіпкерлер, оның ішінде «Shaanxi Zhonghuang Huancheng Technologi Co., Ltd» компаниясының бас директоры Ли Хайнан әкімге жобаларды талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіріп, бірқатар жобаларға қызығушылық танытқандарын жеткізді.

Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Хубэй провинциясымен іскерлік ынтымақтастықты дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды талқылау мақсатында келіссөздер жүргізді.

Кездесуде тараптар экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.  

Сонымен қатар, кездесудегі басты оқиғалардың бірі – провинцияда Түркістан облысының Сауда өкілдігінің ресми ашылуы болды.

Одан бөлек, желтоқсан айының басында НҰралхан Көшеров бастаған қазақстандық делегация Қытайдың Бейжің қаласында ұйымдастырылған  «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты.

Халықаралық іс-шарада жетекші компаниялар экологиялық таза энергия, циярлық технологиялар, озық өндірістер, ақылды көліктер және басқа да бағыттағы жетістіктерімен таныстырды.

Бұл көрме аясында облыс әкімінің орынбасары халықаралық компания өкілдерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы, көлік салаларындағы ынтымақтастықты талқылап, инвестиция тарту мүмкіндіктері мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективаларын қарастырды.

Осы тұрғыдағы іссапардың бірі, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров бастаған құрамында аудандық мәслихат депутаты, ауылдық округтер әкімдері мен кәсіпкерлерінен құралған делегация Қытайдың Үрімші және Қуарлы қалаларында болып, бірқатар компаниялардың жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, өңірлік делегация мақта, жүгері оратын комбайндарды құрастыратын зауытта, тауық фермасында, мақта майын, жем, ет, шырын шығаратын цехтарда, тамшылатып суаруға және жылыжайға арналған пленка шығаратын зауытта болып, жұмыс процессін көрді.

Үрімші мен Қуарлы қалаларындағы ағын су мен ирригациялық жүйелердің құрылысымен танысты.

Мақтааралдық кәсіпкерлер құрылысқа қажетті станоктарды өңірге алып келіп, цехтар ашу мәселесін талқылады.

Айта кету керек, қытайлық инвесторларды өңірдегі тамақ өнеркәсібі, туризм, табиғи өнімдер қызықтырады және облыста 35 қытайлық компания жұмыс жасайды. Түркістан облысы құрылған сәттен бастап, Қытай капиталының қатысуымен 110 млн долларды құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылуда.