12.12.2024 в 21:59

Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастықты нығайтуда

 Экономикалық ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысы аясында Мұрат Нұртілеу Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өткен айда Исламабадта өткен саяси консультациялардың қорытындылары мен ЭЫҰ аясындағы қарым-қатынастарды талқылады.

Жалпы, еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі саналатын Пәкістанмен дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың ақпанында орнап, осыдан 30 жыл бұрын Исламабадта Қазақстанның Елшілігі ашылған.

Бүгінде Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин елдер арасындағы әріптестікті нығайту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Жақында қазақстандық Елші Пәкістанның Федералды сауда министрі Джам Камал Ханмен және Пәкістан Экономика министрінің орынбасары Хумаир Кариммен кездесіп, сауда саласындағы байланыстарды дамыту, келесі жылы өтетін Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының, бірлескен жұмыс топтарының және бизнес-форумға дайындық барысын пысықтады.

Одан бөлек, тараптар көлік, кеден, ветеринариялық, логистика салаларындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылап, жүк авиатасымалдарын жолға қоюды келісті.

Сонымен қатар, Елші Гуджранвала қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасында, он бір мыңнан астам кәсіпкерлікті біріктіретін Гуджрат қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасында, «Gujranwala Business Centre» жаңа форматтағы көрме орталығында болып, кәсіпкерлермен кездесті.

Кездесуде пәкістандық кәсіпкерлерді еліміздің инвестициялық ахуалымен, сауда-экономикалық дамуы мен инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктерден хабардар етті.

Сондай-ақ, кездесу барысында екі елдің жетекші көлік-логистикалық компанияларының рөлі ерекше аталып өтті.

Жалпы, пәкістандық кәсіпкерлер Қазақстанмен бірлесе жұмыс жасауға қызығушылық танытып, 2025 жылы бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында елге сапарын ұйымдастыру келісілді.