15.12.2024 в 15:22

Қазақстанда «Born Bold» жарнамалық науқаны бастау алды

Әлемге Қазақстанның әлеуметтік прогресске, инновацияға деген көзқарасын көрсету арқылы, шет елдерден инвесторларды кеңінен тарту, оларды ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрақты дамуды жеделдету мақсатында «Born Bold» жарнамалық науқаны бастау алып, бірқатар елдерде таныстырылымы өтті.

Медиа-компания бойынша таныстырылым әсіресе Түркияда қарқынды жүргізілуде.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев зиялы қауым және БАҚ өкілдерімен кездесуде еліміздегі реформалармен қатар, «Born Bold» науқаны аясындағы туристік саладағы мүмкіншіліктерді таныстырды.  

Ыстанбұлдағы Бас консул Нуриддин Аманқұл науқан аясында Түркиядағы бірнеше провинциялардың ірі кәсіпкерлерімен кездесіп, өзара сауда, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктерін талқылады. Кездесуде түркиялық кәсіпкерлер елімізбен инвестициялық ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, қолайлы жағдайына жоғары бағаларын берді.

Сонымен қатар, Анкарада Қазақстан-Түркия ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, мемлекеттік органдардың басшылары мен университет ректорларына науқан аясындағы туристік әлеует таныстырылды.

Бұл науқан Түркияда білім алып жатқан жастардың да басын қосып, қазақстандық жастарға еліміздің экономикалық дамуы, мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті жайында ақпарат берілді. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау мақсатында дәстүрлі спорт түрлерінен, атап айтқанда асық, садақ ату, арқан тарту, тоғыз құмалақтан жарыс ұйымдастырылып, Түркияның 16 провинциясынан келген жастар бақ сынасты. Ұйымдастырушылар болып табылатын еліміздің Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұл және Анталиядағы Бас консулдықтары осылайша жастар бойында «Born Bold» менталитетін қалыптастырып, елдің болашағы үшін жас ұрпақты бірлесе жұмыс жасауға шақыруда.

Ал, Бангокта Қазақстан мен Таиланд арасындағы инвестициялық тартымдылықты дамыту мақсатында ірі бизнес өкілдерімен кездесу өтіп, науқан жайында ақпарат берілді.

Сеулде өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» (ОАКР) достық күніне арналған салтанатты іс-шарада «Born Bold» медиа-кампаниясының таныстырылымы, сонымен қатар Орталық Азияның мәдени мұрасы мен табиғи байлықтары таныстырылды.

Еліміздің Испаниядағы Елшілігі осы елдің экспорттаушылар және инвесторлар клубымен бірлесіп, «ТХКД: Қазақстандағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктер» тақырыбында конференция өткізді. Онда медиа-компания аясында елдің экономикалық өсуі, соңғы жылдары жеткен жетістіктері мен инновацияға деген көзқарасы туралы бейнеролик көрсетілді.

Одан бөлек, Елшіліктің ұйымдастыруымен «Сан Себастьян» Испанияның Корольдік садақ ату федерациясының атыс алаңында бизнес, туризм, мәдениет, БАҚ өкілдерін, сондай-ақ білім алып жатқан қазақстандық студенттерді  жинап, алдымен Мемлекет басшысының Жолдауынан хабардар етіп, науқан аясында елдің экономикалық өсуге, инновациялық өзгерістерге деген бейімділігі бойынша бейнеролик көрсетілді.  

«Kazakhstan: Born Bold» науқаны аясында еліміздің Канадағы Елшілігі экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Онтарио провинциясында дөңгелек үстел ұйымдастырып, канадалық кәсіпкерлермен кездесті. Бұл провинция Канададағы электр энергиясының шамамен 60 пайызын өндіреді, одан бөлек сүт, ет өнімдері мен бидай, жүгерінің ең ірі өндірушілері орналасқан.

Еліміздің Франциядағы Елшілігі ондағы мемлекеттік органдардың, компания өкілдерінің, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдерімен кездесіп, елдегі реформалардан, экономиканы дамыту, инвесторларды кеңінен тарту мақсатында қолға алынған жобалардан, инвесторлар мен туристерді Қазақстанмен танысуға арналған «Born Bold Kazakhstan» жаңа имидж науқанынан хабардар етті.

Болгар сауда-өнеркәсіп алаңында тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика,көлік салаларындағы іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесіп, үкімет тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктерден, елдегі экономикалық өсімнен, сауда-инвестициялық қатынастарды арттыру мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.   

Кездесу барысында Қазақстан мен Болгария кәсіпорындары арасындағы әріптестік, іскерлік байланыстарды жаңғырту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Швецияның Стокгольм кино институтында дипломатиялық корпус өкілдеріне, өнер қайраткерлері мен қоғам белсенділеріне, қазақ диаспорасына қазақстандық фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Онда көрермендердің назарына «Томирис», «Адемоканы тәрбиелеу», «Бауырына салу» фильмдері ұсынылып, Қазақстан заманауи, тарихи-мәдени мұрасы мол ел ретінде имиджін ілгерілетуге бағытталған «Kazakhstan Born Bold» компаниясы таныстырылды.

Еліміздің мәдени жетістіктерімен осындай форматта таныстырылғанына көрермендер ризашылығын білдіріп, қазақ кинематографиясының ерекшелігіне қатысты оң пікірлерін білдірді.

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Нажмедин Мұхаметәліұлы БАӘ Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі шейх Наһаян бен Мубарак Әл Наһаянмен кездесуінде бейбіт өмір сүруге қатысты екі елдің ұқсас көзқарастарын талқылап, дінаралық қарым-қатынасты ілгерілету бағыттарын талқылады.

Кездесуде Нажмедин Мұхаметәліұлы дінаралық татулықты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Құрмет медалін табыстады.

Сонымен қатар, Президент бастамасымен қолға алынған «Kazakhstan Born Bold» медиа-компаниясынан хабардар етіп, бұл науқанның ел экономикасын әртараптандыруға қосатын үлесі бойынша мәлімдеді.

Брюссельде Еуропалық Парламент қабырғасында  еліміздің Бельгиядағы Елшілігі «Қазақстанның стратегиялық әріптестігі: жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерді ашу» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. Онда еліміздің сыртқы саясаты, саяси реформалар мен түрлі салалардағы перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар жиында елдегі мүмкіншіліктер мен Еуроодаққа мүше елдермен арадағы қарым-қатынастар, түрлі салалардағы ынтымақтастық қаралды.

Одан бөлек, елді кеңінен таныстырып, жетістіктерін көрсету мақсатында «Kazakhstan Born Bold», «Travel to Kazakhstan» бейнероликтері қатысушылардың назарына ұсынылды.

Айта кету керек, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосында қоғам және мәдени қайраткерлері шақырылған «Қазақстанның ізгі ниет елшілерінің» екінші пулын тағайындау салтанатты шарасында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин шетелдік аудиторияны Қазақстанның мәдени мұрасымен, түрлі салалардағы жетістіктерімен таныстыруға арналған «Kazakhstan: Born Bold» халықаралық имидждік науқанынан хабардар етті.