15.12.2024 в 21:51

Сорбонна-Қазақстан институты 10 жылдығын атап өтті

Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна-Қазақстан институты 10 жылдығын атап өтті. Бұл іс-шараға Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге арнайы қатысып, алдымен дипломатқа Университеттің тарихы мен қазақ елінің салт-дәстүрлері мен қолөнер бұйымдары қойылған мұражай таныстырылды.

Қазақстанда инсититутты құру туралы алғашқы меморандумға 2013 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ мен Сорбонна Париж-Сите университеті қол қойып, салтанатты ашылуы осыдан 10 жыл бұрын екі елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өткен болатын.

Басты мақсат – жастардың еуропалық білім алуына мүмкіндік беру, халықаралық білім стандарттарына сай келетін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, қос диплом бағдарламасы бойынша екі елдің дипломын алуға мүмкіндік беру.

Институт алғаш құрылған кезінде екі білім беру бағдарламасымен студенттерінің жалпы саны 40 адамды құраған болатын.

Оқу орнының студенттері үшін алғашқы дәрістерді  Францияның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Сенат депутаттары АндрэДюле, Доминик Жийо, Катерин Прокачия өткізген.

2018 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығының шешімімен барлық білім беру бағдарламаларына француз тілі енізіліп, сол кезден бастап 1200-ден астам студент инситутты бітірген.

Салтанатты іс-шарада Университет басшылығы мен француздық дипломатқа иниститут тарапынан 10 жылда атқарылған жұмыстар баяндалып, жеткен жетістіктері туралы ақпарат берілді.

Одан бөлек, Сильван Гиоге студенттермен кездесіп, «Дипломат жолы» тақырыбында дәрісін оқып, кездесу соңында Абай атындағы ҚазҰПУ «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғарғы оқу орындарының филиалдарын ашу тапсырмасына сәйкес, биыл Абай атындағы ҚазҰПУ-де тағы бір француздық университеттің филиалы салтанатты түрде ашылды.

Францияның 13 қаласында 49 оқу ғимараты бар Лотарингия университетінің филиалы елімізде ашылып, қазақстандық жастарға француз тілін жетік меңгеруге үлкен мүмкіндік бермек.

Ашылу салтанатына Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге арнайы қатысып, оқу орнына сәттілік тілеп, француз тіліндегі алғашқы Орталық Азия кітапханасының ашылу салтанатына қатысты.

Айтулы күні бірінші курс студенттеріне білім гранттары табысталса, қос дипломды бағдарлама түлектеріне Лотарингия университетінің  дипломдары берілді.

Сонымен қатар, білім, ғылым, қос диплом бағдарламасын іске асыру, француз тілін үйрету, адам құқықтары саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыру бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясымен, Лотарингия университетінің Құқық, экономика және басқару институты және Қазақстан-Франция Сауда-Өнеркәсіп палатасымен өзара меморандумға қол қойды.