Түркістанда өндіріс орындарын тек мемлекет бюджетіне ғана емес, шетелдік инвесторларды тарту арқылы ашуға басымдық берілген.
Бұл бағытта облыс әкімдігі биылғы жылы «TURKISTAN INVESTMENT & TOURISM FORUM» халықаралық форумын ұйымдастырды, Қытай мен Оңтүстік Кореяға бірнеше рет іс-сапармен барып, «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың форумына, Бейжің қаласында өткен «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты.
Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларымен өткен жиында талқыланды.
Облысқа тартылған инвестиция көлемі мен шетелдік инвесторларды тарту мақсатындағы жұмыстарды облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасары Нұралхан Көшеров баяндады.
Оның айтуынша, Түркістанда ұйымдастырылған халықаралық форумға 127 компания мен 1700-ден астам адам қатысып, 301 млрд теңгеге 35 меморандумға қол қойылған.
Кореяға сапар барысында түркістандық делегация сол елдің Халықаралық Сауда Қауымдастығы ұйымдастырған бизнес семинарға қатысып, бірқатар аймақтар мен кәсіпорындарын аралап, келіссөздер жүргізді.
Ал, Қытайға барған делегация қытайлық инвесторлармен келісімшартқа тұрып, бірлескен жобаларды іске асыруға келісті.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс экономикасына 1 064,7 млрд теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 25,5 пайызға көбейген. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн долларды құрап, жылдық жоспар бір жарым есеге артық орындалған.
2024 жылы 41 инвестициялық жоба іске қосылып, 1600 жұмыс орны ашылған.
Әкім орынбасарының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырып, шетелге іссапарға шығып, ешқандай нәтиже көрсетпеген басшыларға қатысты шара көрілетіндігін ескертті.
Сонымен қатар, сала басшыларына инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктердің өз деңгейінде жүзеге асырылуын, жобалардың сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.