16.12.2024 в 19:15

Қазақстанның Сыртқы істер министрі бірқатар елдердің елшілерін қабылдады

Жақында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу араб мемлекеттерінің елшілерін, одан бөлек еліміздегі Қытай Елшісін қабылдады.

Елімізде аккредиттелген араб мемлекеттерінің елшілерімен кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер мен түрлі салалардағы, әсіресе сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша пікір алмасты.

Министр екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлестері үшін елшілерге алғысын білдіре отырып, 2024 жылы бірлесе жүзеге асырылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы перспективаларды талқылады.

Кездесуге қатысқан елшілер Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікті нығайтудағы рөліне, одан бөлек БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы бастамалары мен атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, елдегі жүзеге асырылып отырған реформаларға қолдау көрсетті.

Кездесу қорытындысымен елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласып, тұрақты диалогты жалғастыруды қолдады.

Одан бөлек, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяоны қабылдап, қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытуда қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде қытайлық Елші Қазақстандағы миссиясы барысында қолдау көрсеткені үшін сыртқы саяси ведомство басшылығына алғысын білдіріп, тараптар елдер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.