16.12.2024 в 20:32

«Қазақстандықтар Беларусь үшін шайқаста» интернет-жобасының тұсаукесері өтті

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастық қай салада болмасын қарқынды дамуда.

Екі елдің өңірлік және халықаралық аренадағы проблемаларға қатысты ұстанымдары ұқсас, бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше. Одан бөлек, елдерді ортақ тарих, оның ішінде Ұлы Отан соғысындағы Беларусті азат етуде аянбай шайқасқан қазақстандық батырлар туралы естеліктер де біріктіреді.

Осы ретте, келесі жылы Ұлы Жеңістің мерейтойы мен Беларусті азат етудің 80 жылдығына орай Қазақстанның Беларустегі Елшілігінде «Қазақстандықтар Беларусь үшін шайқаста» интернет-жобасының тұсаукесері өтті.

Салтанатты іс-шараға Беларусь мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустар мен ғылым, білім, БАҚ өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген қазақстандық дипломат Тимур Жақсылықов Ұлы Отан соғысында аянбай шайқасқан қазақ жауынгерлері жайында айтып, 500-ге жуық жауынгер Кеңес одағының батыры атанса, олардың 80-нен астамы Беларусті азат ету жолында шайқасқаны үшін алған.   

Бұл интернет-жобада бостандықты қорғаған майдангерлер туралы ақпарат орналастырылып, жастарға жерді, елді қорғаған батырлар туралы естелік қалыптастырып, шынайы патриотизмді жеткізуді мақсат етеді.

Тәуелсіздік жылдарынан бастап қазақстандық жауынгерлер туралы ақпараттар жинастырылып, бірқатар кітаптар жарық көріп, Елшіліктің мұражайында сақталған.

 «Беларусь бүгін» баспа үйінің директоры – бас редакторы Дмитрий Жук Беларусті азат етудегі қазақстандықтардың ерлігін ерекше атап өтіп, бұл интернет-жоба азат еткен, ұлт ретінде сақталуға көмектескен тұлғаларға құрмет ретінде сақталады деп атап өтті.

«Қазақстандықтар Беларусь үшін шайқаста» интернет-жобасының авторлары жобаны 84 Кеңес Одағының батырлары туралы мақалалармен, естеліктермен, тарихи құжаттармен толықтыруды жоспарлауда.

Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытындағы іс-шаралардың бірі – Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдық мерейтойына орай «Қаныш» фильмінің Минскте көрсетілуі болды. Ғалымның еңбек жолы мен өмірі баяндалған фильмді көруге беларустық беделді қоғам белсенділері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, қазақ диаспорасы мен білім алып жатқан қазақстандық студенттер, жалпы саны 180-нен аса адам келді.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Тимур Жақсылықов ұлы тұлғаның тарихта алатын орнынан хабардар етіп, фильм авторларының еңбегіне жеке тоқталды.

Фильм көрермендері алған әсерлерімен бөлісіп, қазақ кинематографиясының ерекшелігіне тоқталды.

Одан бөлек, қазақстандық дипломат Тимур Жақсылықов Брест облысының 85 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, облыстық атқару комитетінің Төрағасы Петр Пархомчикпен кездесіп, өңірдің Қазақстан үшін маңыздылығын, саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың бүгінгі нәтижелері мен перспективаларын талқылады.

Дипломаттың айтуынша, Брест облысы қазақстандық тауарларды Еуропаға тасымалдайтын транзиттік орталық, еліміздің Еуропаға қақпасы. Өңір Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынаста ерекше орын алатынын жеткізіп, Брест өнімдерінің сапасы мен ассортименттерінің көптігіне, қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді.

Қазақстан мен Беларустің өңірінің арасындағы сауда айналымы 126,3 млн долларды құраған. Еліміз облысқа қант сироптарын, көлік құралдарын, мақта талшығын экспорттаса, өңірден елімізге «Савушкин өнімі», «Санта Бремор», «Гефест» секілді танымал брендтердің өнімдері жетізіледі.

Сонымен қатар, қазақстандық Елші мерейтоймен облыс әкімшілігі мен тұрғындарын құттықтай отырып, жылы қабылдағандары үшін алғысын білдірді.

Сапар барысында тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуші «Сифания-Экотехника» өнеркәсібінің, тамақ өнімдерінің ірі өндірісі саналатын «Santa Bremor» компаниялар тобының, 50-ге жуық ірімшік пен май өнімдерін ұсынатын, сүт өнеркәсібіндегі жетекші компаниялардың бірі саналатын «Беловежские сыр» компанияларында болып, жұмыстарымен танысып, ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Атом энергетикасы  саласындағы тәжірибемен алмасу, осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Тимур Жақсылықов Беларусь атом электр станциясының басшылығы Сергей Бобовичпен кездесті.

Станция өкілдері пайдаланатын технологияларымен, оларды пайдалану тәртібімен, жеткен жетістіктерімен таныстырды.

Кездесу нәтижесінде жыл соңына дейін қазақстандық делегацияның Беларусь атом электр станциясына сапарын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасау бойынша келісілді.

Тараптар бұл сапар екі ел арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, әріптестікті тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімділік білдірді.