26.12.2024 в 20:27

Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы артты

Биылғы жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы төрт жылдағы алғашқы рекордтық көреткішке жетіп, екіжақты тауар айналымы 3,3 млрд долларға жеткен. Бұл туралы Қазақстан-Америкалық іскерлік кеңестің (USKZBC) мүшелері мен америкалық компаниялардың басшылары қатысқан дөңгелек үстелде айтылды.

Кездесуде ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, логистика, инфрақұрылым, энергетика салаларындағы серіктестікті дамыту жолдары қаралды.

Америкалық компаниялар Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін, өңірдегі тұрақтандырушы күш ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.

Елдегі саяси реформалар, демократиялық өзгерістер, зорлық-зомбылыққа, адам саудасына қарсы күрес мәселелері Қазақстан Елшісі Ержан Ашықбаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Узра Зеяның кездесуінде талқыланды.

Тараптар, бұл саладағы ынтымақтастықпен қатар, өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, мемлекет басшылары деңгейіндегі «С5+1» саммитінің қорытындысымен берілген тапсырмалардың іске асырылу барысын қарастырды.

Саяси-экономикалық байланыстарды нығайту, екіжақты сауда көлемін арттыру, инвестиция тарту және серіктестіктің бүгінгі жай-күйі мен дамыту жоспарларын қазақ дипломаты Ержан Ашықбаев пен Мемлекеттік хатшының басқару және ресурстар жөніндегі бірінші орынбасары Ричард Верма кездесуінде талқыланды.

Ядролық қару бүкіл әлемге төнген үлкен қауіп екені белгілі. Осыны ескерген Қазақстан ядролық қаруды қолдануға қарсылық танытып, бейбітшілік, қауіпсіздік жолын таңдаған болатын. Биыл Семей келісімінің күшіне енгеніне 15 жыл болса, «ядролық мемлекеттер бестігінің» (P5) Теріс қауіпсіздік кепілдіктері туралы хаттамаға қол қойғанына 10 жыл болған.

Бұл туралы Вашингтонда өткен «Жаһандық қауіпсіздікті нығайту: ядролық қарудан азат аймақтарды ілгерілету» тақырыбында пікірталас барысында Қазақстанның Елшісі Ержан Ашықбаев мәлімдеді.

«Nuclear Threat Initiative», Карнеги Қоры, АҚШ Бейбітшілік Институты, Джеймс Мартин атындағы қарусыздану Орталығы және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан пікірталаста бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуды, жаһандық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша диалогты кеңейту қажеттігін талқылады.

Жалпы, дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жылдан астам уақыт аралығында Қазақстан мен АҚШ арасында екіжақты ынтымақтастық барлық салаларда кеңінен орнап, бұл бағытты одан әрі дамыту бойынша тұрақты бірлескен жұмыстар жүргізілуде.