27.12.2024 в 10:24

Қазақстанның Малайзиядағы Елшілігі жылды қорытындылады

Қазақстан мен Малайзия арасында сындарлы және сенімді диалог орнаған. Екі ел арасындағы ынтымақтастық Малайзияның 1991 жылы еліміздің тәуелсіздігін мойындау сәтінен басталды.

1992 жылдың наурызында дипломатиялық қарым-қатынастар орнап, 1996 жылы екі елде Елшіліктер ашылды.

Президенттер мен Үкімет басшыларының, сыртқы ведомство өкілдерінің ресми сапарлары мемлекеттер арасындағы байланысты нығайта түсті.

Халықаралық аренадағы ынтымақтастық бір-бірін қолдауға негізделген, жаһандық күн тәртібіндегі негізгі өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымға ие.

Ынтымақтастықтың маңызды саласы ретінде сауда-экономикалық байланыстар қарастырылады.

Мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестік қарқынды дамуда. Бірлескен семинарлар мен концерттер, ғылыми-практикалық конференциялар, мәдени фестивальдар мен екіжақты кездесулер, спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Елдер арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жиі Қазақстандағы Малайзияның мәдениет күндері және Малайзиядағы Қазақстанның мәдениет күндері өткізіліп, елдер арасындағы мәдениет, әдет-ғұрыпты насихаттауға мүмкіндік береді. 

Білім беру саласында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бойынша оннан астам меморандумдарға қол қойылған.

Парламентаралық қарым-қатынастар да үнемі жаңартылуда. Жақында Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Малайзия Парламенті Төменгі Палатасының Спикері Джохари Абдулламен кездесіп, елімізден халал өнімдерді тасымалдау, туризм саласындағы байланыстарды жетілдіру арқылы туристердің санын арттыру, көлік байланысын дамыту мәселелеріне қатысты пікір алмасты.

Кездесуде Малайзияның 2025 АСЕАН ұйымына төрағалығын ескере отырып, осы ұйымның Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысын жетілдіру ұсынылды.

Одан бөлек, Малайзия Сенатының Президенті Аванг Бимимен кездесіп, Қазақстан мен Малайзия арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілету, азық-түлік қауіпсіздігі, туризм, сауда, цифрландыру салаларындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударылды.

Кездесуде спикерлер биылғы жылы Қазақстан Президенті мен Малайзия Премьер-Министрінің келіссөздеріне, Қазақстан-Малайзия іскерлік дөңгелек үстелінің маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің Төрағасы С. Алдашев пен Малайзия Сенаты Төрағасының орынбасары Нұр Джазлан Мохамад кездесті. Тараптар парламентаралық дипломатияны дамыту, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін көтерді.

Қазақстандық сенатор тауар айналымын арттыруға тоқталып, әсіресе ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударуға шақырды.

Кездесуде білім, мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, азық-түлік салаларындағы бірлескен бастамалардың жүзеге асырылуын талқылап, келесі жылы Малайзияның АСЕАН-ға төрағалығы аясында, Куала-Лумпур қаласына ресми сапармен келуге шақырды.

Жыл соңында қазақ Елшілігі Малайзияда ұзақ уақыттан бері тұратын қазақ диаспорасымен, оның ішінде кәсіпкерлер мен студенттермен кездесіп, 2024 жылы атқарылған жұмыстармен таныстырып, жылды қорытындылады.

Кездесу барысында қазақстандықтардың өзекті мәселелері мен оны шешу жолдары, шетелде ұлттық дәстүр мен мәдениетті сақтауды, еліміздің туристік әлеуетін дамытуда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.  

Іс-шара соңында жыл бойы белсенділік танытып, Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға қолдау көреткен азаматтар грамоталармен, Пенанг штатындағы ҚР Құрметті консулы тарапынан естелік сыйлықтармен марапатталды.

Биылғы жылдың қараша айында Малайзияда Оңтүстік Шығыс және Шығыс Азия елдерінде тұратын қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті. Басты мақсат – шетелдегі қазақтармен байланысты нығайту дейді шара ұйымдастырушылары.

Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапурдан жиналған қазақ диаспорасымен қатар мәдениет және өнер қайраткерлері, этнографтар шет елде қазақ мәдениеті мен тілін сақтау, Малайзияда кәсіп ашу, онда тұратын қазақтардың өзекті мәселелері мен шетелдегі қазақ жастарының даму мүмкіндіктерін талқылады.

Құрылтай қатысушыларына арнап қазақ өнерпаздары концерттік бағдарлама қойып, би өнері мен ұлттық киімдер шоуы ұйымдастырылды. Одан бөлек, құрылтайда еліміздің еңбек сіңірген әртісі Қарақат Әбілдина тұсау кесу рәсімін өткізді.

Айта кету керек, форумға спикерлер ретінде Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан, этнограф Айгерім Мусағажинова, «Murai production»-ның негізін қалаушы Айсауле Абильда және басқалар тартылды.

Мәдениет саласындағы ынтымақтастық кітапхана ісінде де көрініс табуда. Малазиялық Ұлттық кітапханада осыдан 12 жыл бұрын Қазақстан бұрышы ашылып, қазақ елінің әдебиеті дәріптелуде. Осы ретте Елшілік Абай күніне орай қазақ ақыны және философы Абай Құнанбаев бейнеленген кәдесый тәрелкесін сыйға тартқан. Осы мереке аясында малайзиялықтардың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін қазақ тілінде оқуы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Малайзияда еліміздің мәдениеті мен туристік әлеуетін таныстыру мақсатында Куала-Лумпурда Қазақстан мәдениеті апталығы өтті. Ең беделді саналатын Pavilion Damansara Heights Mall ғимаратында қазақтар келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынып, қазақша әуендер қойып, елдің табиғаты мен мәдениеті, әдет-ғұрпын танытатын бейнероликтер көрсетілді.

Іс-шараға қатысқан туристік компаниялар визасыз режимнің нәтижесінде екі тарапқа да туристер санының артқанын айтты.

Үш мыңға жуық адамды қамтыған мәдениет апталығы, малайзиялықтардың Қазақстан туралы ақпаратты кеңінен алуға мүмкіндік беріп, елге, сонымен қатар Оңтүстік Азия мемлекеттеріне деген қызығушылықтарын арттырды.

Одан бөлек, Қазақстан мен Малайзия туристік агенттіктері ынтымақтастық туралы келісімге келді.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық «University Malaya» ірі жоғары оқу орны студенттеріне де таныстырылды. Халықаралық қатынастар факультетінің студенттеріне дәріс оқыған Болат Сүгірбаев Қазақстанның сыртқы саясаты мен негізгі ұстанымдарынан, халықаралық аренадағы рөлінен, халықаралық ұйымдар аясындағы шет мемлекеттермен байланысынан, сонымен қатар түрлі салалардағы Қазақстан-Малайзия қарым-қатынасынан хабардар етті.

Мемлекеттер арасындағы негізгі байланыс салалары ретінде мәдениет, білім, ғылым, сауда, туризм, экономика бағыттарындағы ынтымақтастықты атап өтті.

Болат Сүгірбаев екі ел арасында көптеген ұқсастықтар бар дейді. Әсіресе көпмәдениеттілік, бейбітшілікті қолдау болып табылады.

Қазақстандық дипломаттың дәрісіне Университет профессорлары, халықаралық қатынастар саласы мамандары мен студенттер қатысты.

Малайзиялық тарап та қазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, екі ел арасындағы сауда, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстанға да арнайы сапарлары жиі ұйымдастырылуда.

Соның бірі, «SMITA Global» Шағын және орта бизнесті халықаралық сауданы дамыту қауымдастығының президенті Меган Су бастаған малайзиялық делегация Алматыға келді.

Бұл сапар барысында «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, бірқатар қазақстандық ұйымдар мен компаниялармен бірлескен жұмыстар бойынша келісімге келді.

«TRADEX» II Халықаралық сауда форумында Меган Су спикер ретінде баяндама жасап, АСЕАН нарығына шығуда Орталық Азия елдерінің кәсіпкерлерін қолдауға дайын екенін жеткізді.

Қазақстан кәсіпкерлерімен кездесу нәтижесінде Алматы облысында көкөністер мен жемістерді бірлесіп өңдеу бойынша келісімге келді. Жоба бойынша серіктес компания - «Иссыкский плодоконсервный завод» ЖШС болды.

Қазақстан мен Малайзия арасындағы қарым-қатынасты үнемі арттыру мақсатында түрлі салаларда келіссөздер жүргізіліп, кездесулер ұйымдастырылып, халықаралық іс-шаралар өткізілуде.