27.12.2024 в 10:05

Әзербайжанда қазақ жастарының ұйымы құрылды

Әзербайжанда оқитын қазақ студенттері бір-бірін қолдау, мәдени байланыстарды нығайту мақсатында жастар ұйымын құрды. Бұл туралы Бакуде тұратын қазақ азаматтарының бас қосуында хабарланды. Алтын Орданың 800 жылдығына орай құрылған ұйымның атауын – «Орда» қазақ жастарының ұйымы деп атады.

Басқосуда қазақ дипломаты Әлім Байел Қазақстанның сыртқы саясатымен, халықаралық ұйымдардағы рөлімен таныстырып, 32 жыл бұрын құрылған қазақ-әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың бүгінгі жай-күйімен таныстырды.

Екі ел арасындағы ынтымақтастық саяси, экономикалық салалармен қатар, білім, ғылым, мәдениет саласында қарқынды дамуда. Қазақстан мен Әзербайжан университеттері арасында тығыз қарым-қатынас орнап, оқу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін тұрақты түрде студенттермен алмасуда.    

Әлім Байел бір жыл ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға ресми сапармен 4 рет келгенін атап өтіп, бұл сапарлар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңде жатқанын білдіретінін айтты.

Одан бөлек, мемлекеттер арасындағы Каспий теңізі арқылы интернет желісі мен кабельді тарту, Орта дәлізді дамыту секілді бірлескен ірі жобалардан хабардар етті.

Елшінің айтуынша бауырластық, достық байланыстардың нәтижесінде Әзербайжанға келетін қазақ студенттері мен туристердің саны артқан.

Жастармен кездесе отырып Әлім Байел жақсы білім алып, елге адал қызметке шақырды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға Елшілік әрқашан ашық екенін және бірлескен жұмыстар жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Басқосу соңында ұлттық әндер орындалып, қатысушыларға қазақ тағамдары ұсынылды.

Сонымен қатар, білім, ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, бірлескен жұмыстарды жүргізу мәселесін талқылау мақсатында қазақстандық дипломат Әлім Байел Әзербайжан Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаевпен кездесті.

Кездесуде тараптар бірлескен жұмыстардың нәтижесінде білім саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, түрлі стипендиялық бағдарламалар аясында студенттермен алмасу жақсы нәтиже көрсеткенін талқылады.

Елші бүгінде Әзербайжанда оқитын қазақ студенттерінің саны артқанын айта келе, Қазақстанға да келетін талапкерлердің санын көбейтуге әзір екенін жеткізді.

Әзербайжан Ғылым және білім министрі Қазақстан университтері деңгейінің жоғарылығын ерекше атап, Әзербайжан елін кеңінен ақпараттандыру бойынша бірлескен жұмысқа шақырды.

Кездесу нәтижесімен тараптар Әзербайжан жастары арасында қазақ оқу орындарының танымалдылығын арттыру мақсатында Қазақстан-Әзербайжан білім көрмесін ұйымдастыруды, бірлескен ғылыми-қор құруды, тәжірибе алмасу мақсатында қазақстандық профессор-оқытушыларын Әзербайжанға жіберу келісілді.

Қазақ-әзербайжан тарапы екіжақты ынтымақтастықтағы білім саласының маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруға келісті.