27.12.2024 в 11:12

Грузияда Қазақстанның бесінші Құрметті консулдығы ашылды

Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастар 1992 жылы шілдеде орнаған. Ынтымақтастықтың басты құжаты ретінде 1993 жылғы Қазақстан мен Грузия арасындағы қатынастардың негіздері туралы шарт болып табылады.

Дипломатиялық қатынастар орнаған жылдар аралығында екі мемлекет арасында сенімді диалог орнаған. Барлық салаларда ынтымақтастық орнап, түрлі дәрежедегі іс-шаралар, кездесулер, келіссөздер мен халықаралық ұйымдар аясындағы семинарлар, форумдармен артуда.

Елімізде Грузия капиталының қатысуымен 200-ден астам, Грузияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден астам заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер жұмыс жасайды. Қазақстаннан мұнай өнімдері, алюминий, көмір, бидай, ферроқорытпалар экспортталса, минералды су, шарап, газдалған сусындар мен вагондар, шай, фармацевтикалық өнімдер импортталады.

Биылғы жылдың 11 айындағы көрсеткіш бойынша мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 853 млн долларды құрайды. Еліміз Грузияның сегізінші ірі сауда серіктесі ретінде 584,6 млн долларды құйса, Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция 428 млн долларды құраған.

Туризм бағытындағы әріптестік қарқынды дамып, Грузияға баратын туристердің ондығын еліміздің азаматтары құрауда. Биылдың өзінде 150 мыңға жуық қазақстандық турист барған.

Қазақстан – Грузияның маңызды серіктесі. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында жақында мәдени, туристік аймақтарының бірі, тау курорттарымен танымал Гурия аймағында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Бұл еліміздің 5-ші Құрметті консулдығы болатын.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның Елшісі Мәлік Мырзалин, Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Хвтисиашвили, Озургети қаласының мэрі Автандил Талаквадзе, депутаттар, қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер  қатысты.

Іс-шарада құрметті консул ретінде сол аймақтың тумасы, белгілі кәсіпкер Гоча Чхаидзе тағайындалды.

Салтанатты шарада қатысушылар екі ел арасындағы саяси, экономикалық, білім, ғылым, мәдениет, туризм және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты талқылап, оны арттырудағы осы консулдықтың рөліне тоқталды.

Грузия тарапы тағы бір консулдықты ашу туралы шешім үшін Қазақстанға алғыстарын білдіріп, бұл мекеме екі мемлекет арасындағы инвестицияны арттырып, барлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Ал жаңадан тағайындалған Құрметті консул сенім білдіргендері үшін қос тарапқа да алғысын білдіріп, екіжақты қатынастарды нығайтуда бар күшін салатынын жеткізді.

Бұған дейін, өткен жылы Гори қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылып, төртінші консулдық кеңсеге қарағандылық Ираклий Какаладзе Құрметті консул болып тағайындалған болатын.

Ал, Тбилисиде екі мемлекет кәсіпкерлері кездесіп, Қазақстан мен Грузия арасындағы сауданы жеңілдету, тауар айналымын ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу мен ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин грузин тарапын елдегі әлеуметтік-экономикалық дамумен, жүзеге асырылып жатқан реформалар мен нәтижелерінен және инвестициялық мүмкіндіктермен қатар, инвесторларға көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктерден хабардар етті.

Бизнес өкілдері инвестициялық, экспорттық, туристік салалардағы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға келісті.

Кездесу нәтижесімен қазақстандық тарап 2025 жылы грузин кәсіпкерлерін елге сапармен келуге, инвестициялық ахуалмен танысуға шақырып, келісілді.

Ал, дін саласындағы қарым-қатынастарды нығайту мақсатында қазақ дипломаты Мәлік Мырзалин Жоғары мәртебелі митрополит Элизбар Муджирмен кездесті.

Қазақстандық Елші келесі жылы Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысуға шақырды. 30 жылдан астам уақыттан бері бұл халықаралық алаң дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, әлемде толеранттылық пен конфессияаралық қарым-қатынастарды бекітуге, бейбітшілік пен келісімді сақтауда үлкен рөл атқаратынын және осы бағытта жұмыс жасап жүрген әлемдік діндер көшбасшыларын, саясаткерлер мен ғалымдарды біріктіретін форум болып табылатынын жеткізді.

Дипломат Грузияның бұл съезге қатысуына ерекше тоқталып, бұл халықаралық алаң Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдениет пен діндер арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсетініне сенім білдірді.

Митрополит  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысуға үлкен қызығушылығын танытты. Сонымен қатар, Грузия тарапы әрқашан руханилық пен бейбітшілік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Бұл бағытта Мәлік Мырзалин Тбилисидің теологиялық академиясы мен семинариясының ректоры, протопресвитер Георгий Звиададземен де кездесті.

Онда тараптар екі ел арасындағы дінаралық және кофессияаралық салалардағы өзара қарым-қатынасты талқылап, қазақстандық дипломат 2003 жылдан бері әлемдегі бейбітшілік пен конфессияаралық татулықты ұстаудағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің рөлінен хабардар етті.

Георгий Звиададзе Астанада өтетін VIII Съезд жұмысына қызығушылық танытты.