27.12.2024 в 12:06

Түркістандық делегация Жызақ облысының еркін экономикалық аймағындағы өндіріс орындарын аралады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту жұмыстарын күшейту жөніндегі тапсырмасына орай Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта өңір делегациясы шетелге сапармен барып, өнідіріс орындарын аралап, жұмыстарын көріп, ынтымақтастық туралы бірқатар келіссөздер жүргізді.

Нәтижесінде облысқа 11 айда 1064,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 25 пайыздан жоғары болды.

Сондай жұмыс сапары Өзбекстанның Жизақ облысында жалғасты. Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұловпен бірге Түркістан облысының әкімдігі мен кәсіперлерінен құралған делегация бірқатар зауыттарды аралап, негізгі өнімдерімен танысты.

Соның ішінде делегация өкілдері автомобиль өндірісімен айналысатын «ADM Jizzax», кондитерлік өнімдер өндіретін «Iriskon» (Deya), агрологистикамен айналысатын «BMB Holding», электромобильдер өндіретін «BYD Uzbekistan Factory» және экспорт үшін дамыған логистикалық инфрақұрылымды біріктіретін «Джизак» АЭА зауыттарында болды.

Екі ел арасындағы экономиканың негізгі бағыты сауда қатынасы екені баршаға белгілі. Сондықтан да, тараптар өзара сауда-саттықты арттыру мақсатында өндірілетін тауарлар тізбесін зерделеу қажет дейді.

Сапар барысында тауар айналымын көбейтумен қатар, шекарадан өткізуді жетілдіру, инвестиция тарту мен инвесторларға қолданылатын жеңілдіктер талқыланды.

Сонымен қатар, облыстық делегация Өзбекстанда тұратын қандастармен де кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтан хабардар етті. Қазақ мәдени орталығына мемлекеттік тілдегі кітаптар сыйға тартылды.

Бір облыстың өзінде 30 мыңға жуық қандастарымыз тұрады және қазақ тілінде сабақ беретін 6 мектеп бар.

Айта кету керек, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім биылғы жылдың қазан айында Өзбекстанда өткен өңіраралық форумда талқыланып, соның нәтижесінде бірқатар келіссөздер жүргізіліп, сол келісімдердің жүзеге асырылуы аясында бүгінде бірлескен сапарлар ұйымдастырылуда.  

Сол форум аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасында жалпы құны 352 млн долларды құрайтын 76 құжатқа қол қойылса, соның 68,2 млн доллары Түркістан облысына тиесілі. Бұл келісімдер ауыл шаруашылығы, мақта шаруашылығы, туризм, тамшылатып суару, білім, өнеркәсіп салаларына қатысты жасалған болатын.

Бұған дейін, қазан айында облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына арнайы барып, Орта Азиядағы ең ірі кеден бекеттерінің бірі саналатын «Жібек жолы» кеден бекетін аралап, жауапты сала басшыларымен және Өзбекстан Республикасының өкілдерімен кездесіп, шекарадағы автобустарды кедергісіз жіберу, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау секілді бірқатар мәселелер бойынша жұмыстарды талқылаған болатын.

Бүгінде екі ел арасында жолаушылар ағыны мен жүк көліктерінің қозғалысы өте көп. Сондықтан да қазақ тарапы шекара қызметі офицерлерінің санын көбейтіп, құжаттық бақылауды автоматтандыру, тасымалдаушылардың бірыңғай электрондық деректер базасын құруды жоспарлауда.

Қазақстан-Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция көлемін арттыру мақсатында тұрақты түрде жұмыстар жалғасады дейді облыс өкілдері.