07.03.2025 в 14:17

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫМЕН СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ЖАРЫ БОЛҒАН ЖЕСІР АНАНЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 103 жастағы еңбек ардагері, соғыс мүгедегі, Ұлы Отан соғысына қатысқан Камза Шалғумбаевтың жары, жесір ана Шағила Шалғумбаеваға арнайы барып, құттықтады.

Қарт ана 10 шілдеде 104 жасқа толады. Оның жұбайы, соғыстан бір аяғынан айырылып оралған Камза Шалғумбаев 2000 жылы 83 жасында бұл өмірден өткен.

Шағила апа бар ғұмырын педагогикалық қызметке арнады. 1939 жылдан бастап Ұлан ауданы Белая Гора кенішіндегі мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, ал 1961 жылы Обухов кеңшарының балабақшасына меңгеруші болып тағайындалады. Зейнетке шыққанға дейінгі соңғы екі жылда Тайнты ауылындағы мектеп-интернатта тәрбиеші болып қызмет етті.

Ол таңдаған игі ісіне адалдық танытып, балаларды оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсады. Өзінің үш ұлын тәрбиелеп өсірді, бірақ өкінішке орай, бүгінде олардың үшеуі де өмірден өткен.  Дегенмен зейнеткер әже қазіргі таңда  жалғыз емес, ол немересімен бірге тұрады.  Облыс орталығында тұратын келіні, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Баян Айтбаева  батыр ананың батасын алып, жиі келіп тұрады. Шағила әжеміздің ұзақ жылғы  еңбегі бағаланып,  көптеген марапаттарға ие болды.  Ол «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы» және «Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгердің жары, жесір анаға қонаққа барған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов оны алдағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, ата-бабалардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, шығысқазақстандықтар әрдайым батырлардың рухын қастерлейтінін атап өтті.

Кездесудің естелігі ретінде әкім соғыс ардагерінің жары, жесір анамен бірге суретке түсіп, оған естелік сыйлық пен гүл шоқтарын табыстады.

ШҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ