11.03.2025 в 12:21

Шығыс Қазақстандағы су тасқыны жағдайы облыс әкімінің сағат сайын бақылауында

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Алтай ауданына барып, су тасқынының алдын алу шараларының барысымен танысты. Бұл аудан жауын-шашынның шамадан тыс көбеюіне байланысты ерекше бақылауға алынған бес елді мекеннің қатарына жатады. Березовка өзенінде құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп, Малеевск ауылындағы гидро-бекет орналасқан көпір аймағында Бұқтырма өзені арнасының жағдайы тексерілді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының айтуынша, бүгін жарылыс жұмыстары басталады. Бұл өзен арналарында лайдың жиналуын жойып, ауданды судың келуінен сақтайды.

- Су тасқыны кезеңінде ең бастысы – халықты, инфрақұрылым нысандарын қорғау. Осы мақсатта 105 қызметкерден тұратын, 44 бірлік арнайы техникамен жабдықталған облыстық ТЖД арнайы жасағы құрылды. Барлық су өткізетін құрылыс пен арық тазартылды. Қандай да бір өзгерістер болған жағдайда жедел әрекет ету үшін Бұқтырма өзенінің жағдайын тәулік бойы қадағалап отырмыз, - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Бір айта кетерлігі, мамандар Бұқтырма өзенінде мұзды бұрғылап, сынықтарын анықтады. Соның әсерінен 2018 жылы кейбір елді мекендерде су тасқыны қаупі пайда болған еді. Жарылыс жұмыстары бұл қауіпті жоюға көмектеседі. Қазіргі таңда аталған жұмыстар бес нысанда жалғасып жатыр. 

Сондай-ақ өңір басшысы жедел штаб үш ауысымда жұмыс істеп, жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны жағдайларына дайындығын қадағалап отырғанын баса айтты. Сапар барысында қауіпті аймақта орналасқан Зубовск ауылының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа жарылыс жұмыстарының ауданын ұлғайту туралы өтініш білдірді. Бұл жұмыстар апта соңына дейін аяқталуы тиіс.

- Екі күннен бері толассыз жауған қар көлемін ескере отырып, оны шығарып, аулаларды тазарту жұмыстарын барынша күшейту қажет, – деді облыс әкімі.

Қазір Алтай ауданында тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шаралардың маңызын түсініп, оны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда. Айта кетейік, ауданда жанар-жағармайдың және инертті материалдардың жеткілікті қоры бар. Барлық күштер мен құралдар дайын тұр.