09.05.2025 в 11:06

Ардагерге тағзым: Зайсанда 102 жастағы майдангерге көлік табысталды

Жеңістің 80 жылдығына орай, Шығыс Қазақстан облысының әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар Зайсан ауданында тұратын 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкен Құрманқожановқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын және «Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады.

Құттықтау мен медаль ардагердің ерен ерлігін бағалаудың бір бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, Зайсан ауданының кәсіпкерлері ардагерге осы салтанатты шара аясында ерекше сыйлық ретінде автокөлік табыс етті. Бұл шара тек ардагердің өмір жолын құрметтеу ғана емес, сонымен бірге Жеңістің маңыздылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Зәкен Құрманқожанов 1923 жылы 1 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келген. Мектепте 8 сынып білім алып, кейін колхозда жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу түбінде соғысқа қатысқан. Соғыста көптеген шайқастарда батырлық көрсетіп, бірнеше медальдар мен ордендермен марапатталған. Оның қатарындағы ең маңызды марапаттары – «Ерлігі үшін» медалі, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет» ордендері және басқа да әскери наградалар.

Соғыс аяқталған соң, Зәкен аға елге оралып, ауылда жұмыс істеп, 1946 жылы жұбайы Күлсім Шоқпанайқызымен отбасын құрған. Қазіргі уақытта олардың 10 баласы, 28 немересі, 68 шөбересі және 9 шөпшегі бар. Зәкен Құрманқожанов Шығыс Қазақстан облысының және Зайсан ауданының Құрметті азаматы болып табылады.