12.12.2025 в 21:58

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: Сарыағашта мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 5 елдімекен ауыз сумен қамтылды

Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырды. Осы міндетті орындау мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында бірқатар нақты шешім қабылдады.

       Сарыағашта мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 5 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды.

       Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендері ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және ауыл тұрғындары қатысты.

         Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

        – Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге қуанышты жаңалыққа куә болып отырмыз. Ең алдымен, жылдар бойы күткен таза ауыз судың әрбір үйге жеткізілуімен баршаңызды құттықтаймын. Аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

         ҚР Президентінің тапсырмасы аясында мемлекетук қайтарылған активтер есебінен Жібек жолы ауылдық округінің 5 елді мекеніорталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгін пайдалануға берілген ауыз су жүйесішамамен 16 мың абонентке сапалы су жеткізуге қауқарлы. Ауыз су құрылысын «FS Development Group» ЖШС жүргізді.

          Айта кетейік, Сарыағаш ауданында жалпы 1 қала, 13 ауылдық округ бойынша 63 елді мекен бар. Оның ішінде, 50 елді мекен жалпы 79,3 пайызға орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда 13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, көрсеткіш 85,7 пайызға орындалды.

       Елімізде халықты сапалы ауызсумен қамтама­сыз ету мәселесі Үкімет­тің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып отыр.

        Қала тұрғындарына арналған ауызсу желілері бүгінде 99,3% деңгейінде қамтылған. Елдегі 90 қаланың 73-інде таза су жүйесі толығымен тартылып, қалыпты жұмыс істеп тұр. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларын қосқанда қалған 17 қалада жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Ауылдық жерлерде тұратын халықтың 97,5%-ы орталықтандырылған немесе арнайы модульдер арқылы ауызсуға қол жеткізген. Республикада 6 148 ауылдың ішінде 4 420 елді мекен орталық желілерге қосылған. Тағы 999 ауылда кешенді блок-модульдер жұмыс істеп тұр. Ал 469 ауылда (шамамен 164,7 мың адам) су тарту жұмыстары жергілікті және республикалық бюджет есебінен жалғасып жатыр.

        Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау жүйесін салуға әрі жаңғыртуға биыл республикалық бюджет пен Арнаулы қордан 188 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 445 жобаға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, су құбыры желілерін реконструкциялау және кеңейту қолға алынды. Ірі қалаларда су тазарту құрылыстары жөнделіп жатыр, кейбірінде бұл жұмыс толық аяқталған. Жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымнан асатын қолданыстағы су желілері жаңартылып, кеңейтілді.

       Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам суару инфрақұрылымын жаңғырту мен цифрландыру жұмыстары басталды. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 5 мың шақырым болатын суару желілерін цифрландыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2027 жылға дейін су есептеу жүйелерін толық цифрландыру және автоматтандырылған гидро­жапқыштарды енгізу жоспарланған.