16.02.2015 в 11:58

Президент сайлауын өткізу туралы - Бауыржан Байбек

 Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу ұсынысына көптеген азаматтардан түсіп жатқан хаттар негіз болды.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

«Күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі елімізде биылғы жылы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөнінде ұсыныс көтеріп, халықты, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарды осы бастаманы қолдауға шақырды. Содан бері қоғамда қызу талқылау жүріп жатыр. Осы тарихи мәселеге байланысты бүгін таңертең партия саяси кеңесі бюросының арнайы отырысы өтті», деді ол.

Оның атап өтуінше,  «Нұр Отанның» жарғысына сәйкес партияның басшы органы болып табылатын саяси кеңес бюросы қоғамдық қатынастар бойынша партия ұстанымын білдіріп, қажетті мәлімдемелер жасайды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысына көптеген азаматтардан түсіп жатқан хаттар негіз болса, «Нұр Отан» партиясына да азаматтарымыздың ой-пікірі, еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы жетуде. Сондықтан да көпшілікті толғандырып отырған осы мәселе бойынша қатарында 850 мыңнан астам мүше-азаматтары бар биліктегі «Нұр Отан» партиясы ел мүддесімен үйлесетін шешім қабылдады деп ойлаймын»,  деді Б.Байбек.

Қазақпарат