Осы уақытта президенттікке үміткерлердің кімдер екені анықталып жатқаны жайлы әр түрлі БАҚ –та айтылып, жазылып жатыр. Кейбір саясатшылардың айтуынша, Елбасылық таққа бақ сынайтындар саны 5-6 адамнан аспайтын сияқты. Олар бұрыннан халыққа таныс тұлғалар мен бейтаныс кандидаттар да болуы мүмкін...
Мерзімінен бұрын сайлау идеясын қос қолдап қолдаған Қазақстан коммунистік халық партиясы болды. ҚКХП хатшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бұл туралы: «Қазіргі сәтте елімізге дағдарысқа қатысты менеджментті айқындап алу маңызды. Сондықтан, бұл мәселені біздің партиямыз қолдайды деп ойлаймын. Электоратпен белсенді жұмыс жүргізетін саяси партия ретінде кез келген уақытта президент сайлауына түсуге дайынбыз, яғни біз үшін оның мерзімі қай уақытқа белгіленсе де айтарлықтай проблема емес» деп мәлімдеді.
Ал, өздерін нағыз коммунистер санайтын Қазақстанның Коммунистік партиясының /ҚКП/ тағдыры белгісіз. Себебі сот шешіміне байланысты оның қызметі тоқтатылған, ендеше аталмыш партияның алдағы сайлауға үміткерлерін қосуы екіталай.
Дәл осы партия өкілі Петр Своик: «Социал-демократтар алдағы сайлау жарысына белсенді түрде қатысады, әрине, оның қандай формада болары белгісіз әзірге» дейді. Ол сондай-ақ, біздің көзқарасымызда мемлекетіміздің даму жоспары бүгінгі жобаларға басқа балама, қордаланған проблемаларды тез әрі тиімді шешуге бағытталған. Ендеше болашақ Қазақстан үшін жаңа талпыныс керектігін біздің партия сайлау кезінде тағы да халыққа айтатын болады, соған бірігіп күш жұмсауға шақырады, үндейді дегенді айтты.
Сайлауға бақ сынауды дұрыс деп есептейтіндерге тағы бір үміткер қосылуы мүмкін. Ол – Қазақстан мұсылмандары одағының жетекшісі Мұрат Телібеков. Ол өзінің нақты қатысатыны туралы мәлімдемесе де, сайлауға үміткерлердің көп болғанын дұрыс деп есептейді. «Сайлауда әр қазақстандық өзі қалаған үміткерін таңдауға құқылы. Және ондай мүмкіндігі болуы тиіс. Өз басым осы жолғы сайлауды мемлекет басшысынының нағыз демократиялық сайлауына дайындық деп есептеймін. Сол себепті де сайлауға барымызша қатысып, бақ сынасуды жоғары деңгейге шығарғанымыз жөн» деп санайды Телібеков.
Қысқасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы тарапынан болған мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу ұсынысына бұрынғы үміткерлер әлі жауап қата қойған жоқ. Айталық, Патриоттар партиясының лидері Ғани Қасымов немесе либералды-оппозициялық лагерьден үміткерлікке Зәуреш Баталова мен Әміржан Қосановтар жақтан ешқандай сыбыс байқалмайды. Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сатпаев, президент сайлауының мерзімінен бұрын өткізілуі девальвация факторымен тікелей байланысты дегенді айтады. «Егер де 11 ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Үкімет сайлауды өткізу туралы шешім қабылдаған болса, онда сайлау мерзімінде өтетін еді, бірақ билікке деген халық сеніміне кірбің түсер еді» дейді саясатшы. Саясатшы Айдос Сарымның пікірінше, қалай болғанда да сайлау – ол сайлаушыларға өз ой-пікірің мен идеяларыңды жеткізуге мүмкіндік беретін үлкен трибуна, оның үстіне парламент сайлауына қатысты ойларыңмен бөлісудің өзі маңызды дейді ол.
Ш. Ниязбекова
zhebe.com