Төлеби ауданының ардагерлері Жеңіс мерекесін атап өтті. «Халық өміріндегі бұл күннің мәні мәңгі естен кетпейді»- дейді, бейбіт күнді жақындатқандар. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері құрмет-қошеметке бөленіп, бейбітшілік белгісіндегі әсем көріністерге куә болды. Қадірі мен қасиеті жоғары мейрам баршаға ортақ. Сондықтан да, салтанатты шараға Төлебидің жасы да, жасамысы да түгел қатысты. Оқ пен оттың ортасында жаумен жаға жыртысқан ардагердің бірі-Сматулла қарт та осы жиынның қадірлі қонағы. Кеудесі медальға толған қария Жеңістің 70 жылдық көктемін қарсы алғанына тәубе етеді. Ардагерлерге мың тағзым. Осы күні аудандағы Қайнар елдімекенінде елеулі оқиға орын алды. Батыр бабалар ізін жалғаушы жас ұрпақ майдангерлер рухына арнап ескерткіш тұрғызды. Бұл ауылдағы ағайынның көптен бері ойға алған арманы болатын. Мұнан соң аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбеков жүріп-тұруы қиынға соққан соғыс ардагерлерін үйлеріне барып, құттықтады. Соның бірі 95 жастағы Үшқара Есіркепов. Ал, Нысанбек ауылының тұрғыны қарт майдангер Құлбосын Нұрашев аудан басшысының шаңырағына келіп, сый-сияпат жасағанына марқайып қалды. Ата сақалы алдына түскен ел ардақтысы ұрыс даласында №64 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. Ұлы Луки үшін болған қиян-кескі шайқаста ерлік көрсеткен қария 100 жастың жүзін көруді аңсайды. Жұмыр жердегі адамзатты тұтқиылдан төнген тажалдан құтқару жолында майдангер ерлігі ерен. Қанды қырғыннан туған өлкеге есен-сау оралған қарт майдангерлердің ең басты ортақ қуанышы бар. Ол-Тәуелсіз елдің жарқын болашағына куә болу