Жеңіс мерекесі күнінде еліміздің барлық аймақтарында ардагерлерді ардақтау акциясы жалғасын тапты. Қарияларға құрмет көрсетіліп игі шаралар ұйымдастырылды. Ал, Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауыл округі Қаржан елдімекенінде ардагерлер құрметіне ескерткіш ашылды. Сұрапыл соғыс жылдары алақандай Қаржан ауылынан 117 азамат әскерге аттанған. Олардың 67-сі елге оралып 50-нің мәйіті жат жерде қалған. Ал, елде қалған егде кісілер мен балалар жарғақ құлағы жастыққа тимей жауынгерлер үшін, майдан үшін деп тылда тер төккен. Ауыл жақсылары жұмыла жасаған бұл ескерткіш ақын тілімен айтқанда батыр аталар мен асыл аналарға арналады. Бұл ескеркіште Қаржан ауылынан шыққан барлық соғыс және тыл ардагерлерінің есімдері жазылған. Безендірілген белгітастың етегіндегі бес жұлдызға мәңгілік алау орнатылған. Бұл жерге келген жас ұрпақ сұрапыл заманның заңғарларына айналған аталарының есімдерін көріп қанағаттанады – дейді ескерткіш авторы. Қазығұрт ауданында Жеңістің 70 жылдығына дін аман жеткен 26 ардагер бар. Мереке қарсаңында 7 майдангердің үйіне күрделі жөндеу жүргізуді аудан билігі мойнына алған. Сонымен қатар көзі тірі қарт жауынгерлердің барлығына ауданның Құрметті азаматы атағы берілген 20 млн теңге қаржының күшімен бой тіктеген көрнекті орынға жергілікті ауыл тұрғындары демеушілік еткен. Салтанатты шарадан соң кәсіпкер Асхар Перналиев аталар мен апаларға арнап ақ дастархан жайды. Жиында ардагерлердің жасаған ерлігі мен еткен еңбектері жайында рухани тілектер айтылып дүниеден озған ардагерлерге құран бағышталды.