15.05.2015 в 12:09

Қазалы кәсіпкерлеріне 4 пайыздық несие беріледі

Аудан экономикасының дамуына оң ықпал етіп отырған шағын кәсіпкерлік субъектісі 3775 бірлікті құрап, өткен жылдан 10,9 пайыз көлемінде өсу динамикасы қалыптасып отыр.

Жалпы, аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 76,2 пайызы аудан орталығы Әйтеке би кентінде тіркелсе, 8,3 пайызы Қазалы қаласы мен 15,5 пайызы ауыл кәсіпкерлерінің үлесінде.

Ал, жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 13,2 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды.

Қазалы ауданы негізінен ауылшаруашылығы саласын дамытуға бейімделген. Аудан аумағында түрлі жер асты кең қазбалары болмағандықтан, негізгі кәсіп түрі ауылшаруашылығы өнімдерін өндіріп өңдеу, құрылыс материалдарын шығару мен сауда, теміржол, басқа да түрлі қызмет көрсету кәсіптері дамуда.

Аудандағы бизнес өкілдері кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, үдемелі инудстриялды-инновациялық бағдарламалары аясында өңдеу өнеркәсібін дамытып, жоғарғы технологиямен жабдықталған «Ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдейтін зауыт, «Балық, күріш өнімдерін өңдеу зауыттарын» және сапалы темір-бетон бұйымдарын шығаратын цехтарды іске қосып аудан өнеркәсіп саласының дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Өткен жылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, аудан орталығында өз жұмысын бастады.

Палата жанынан кәсіпкерлікті қолдау, құқытарын қорғау, кеңес беру орталығы мен кәсіпкерлікке оқыту курстары, бизнес-жоспарлар дайындау бағыттары бойынша тиісті көмектер көрсетілуде.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері 15 жоба бойынша тиісті жеңілдіктер пайдаланылуда. Сонымен қатар бұл бағдарлама арқылы «Шағын қалаларды дамыту бағдарламасына» сәйкес Қазалы қаласы бойынша кез келген кәсіпкерлікті дамытуға 4 пайыздық несие беру жеңілдігі қарастырылып отыр.

Бағдарламаның жаңа бизнес - бастамаларды қолдау бағытының «Инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша Әйтеке би кентінің «Өндірістік аймақтың» ұйымдастырылып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

Бүгінгі таңда 12,0 гектар жер учаскесі кәсіпкерлердің ұсынған жобаларына сәйкес берілуде.

Бұл аудан кәсіпкерлері үшін түрлі өндіріс орындарын ашуға жасалған нақты көмек екендігін  және аудан кәсіпкерлерінің ұсынған жобалары бойынша жер учаскесі берілетіндігін атап өткен жөн.

Биылғы жылдан бастап Арал, Қазалы аудандары үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының «Қорғалатын аймақтардың іші мен айналасында биоәртүрлілікпен үйлесімді тіршілікті қамтамасыз ету көздерін ілгерілету арқылы  шөлді экожүйелерді қорғалатын аймақтардың тұрақтылығын арттыру» жобасы бойынша «Эко-Даму» бағдарламасы жүзеге асырылуда.   Бұл бағдарлама арқылы 4 пайыздық жеңілдікпен 5,0 млн. теңгеге дейін ауылдық жерлерде балық, құс өсіру мен қолөнер, жасыл белдеу қалыптастыру жөніндегі жобалар қаржыландырылатын болады.