Шымкенттегі Абай саябағында орналасқан Даңқ мемориалында халықаралық естелік акциясы ұйымдастырылды. Акцияға жүзге жуық адам жиналды. Олар әуелі Даңқ мемориалындағы мәңгілік алаудың алдына гүл қойды. Одан кейін Даңқ аллеясының бойымен жүріп өтті. Соғыста қайтыс болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жас туристер станцасы директорының орынбасары Сәуле Өмірбаеваның пікірінше, бұл акция – патриоттық іс-шара. Оңтүстік Қазақстан облыстық жас туристер стансасы мен Пискарев бауырластар мемориалды мұражай зираты Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
«Ұлы Отан соғысында орыс және украиндерден кейінең көп қайтыс болған қазақстандық жауынгерлер. Елге, отандастарымызға көрсетілген құрмет ретінде Санкт-Петербургтегі Пискаров бауырластар мемориалды мұражай зираты бізге қасиетті топырақты берді», - дейді ол. Сәуле Өмірбаева қасиетті топырақ былтыр мамыр айында да аймаққа жеткізілгенін жергілікті билік оны облыстық өлкетану мұражайына аманаттағанын айтады. Ал биыл бұл топырақ облыстың әр ауданындағы жас туристер стансасына беріліп жатыр. «Акцияның мақсаты – екі ел арасындағы достықты нығайтып, қарым-қатынасты жақсарту. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанып отырған Мәңгілік ел идеясын ұстанып, өскелең ұрпаққа патриоттық, рухани, адамгершілік рухтағы тәрбиені бойына сүңіру», - дейді Сәуле Өмірбаева.