15.05.2015 в 18:21

Ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Шымкентте «Клиникалық және теориялық медицинаның өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған, оңтүстіктегі медицина саласының жетекші мамандары қатысып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Негізгі мақсаты – заманауи ем-тәсілдерді қолдануға арналды. Балхия Сағатқызын, теориялық медицинаның негізін қалаушы десе болады. Осы саланың білгірі көзі тірісінде ішкі ауруларға арналған жетекші оқулықтың мемлекеттік тілдегі үлгісін жазды. Қазіргі медицина саласындағы студенттердің оқып жүрген жалғыз оқулығы осы. Екі томдық кітап еліміздің барлық жоғары медициналық ұйымдарында қолданылып келеді. Рамазан Бектұрғанов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент медицина институтының директоры: Бұл кісінің кітабы шыққан. Сол кітабын бүкіл Қазақстандағы 7 жоғары медициналық ВУЗдар қолданады. Қатысушылар Ташкент қаласынан, Карағанды медицина университетінен келіп отыр, сонымен қатар, Алматыдан бірталай ғалым-әріптестеріміз қатысып отыр. Ал, барлық білікті кадрлардың басын қосуға Шымкент медицина институты №1 терапия кафедрасының ұжымы ұйытқы болып отыр. Конференцияның басты мақсаты – терапиялық аурулардың диагнозы мен емінің заманауи тәсілдерін, сондай-ақ бүйрек трансплантациясына қатысты мәселелерді талқылау. Қаламқас Сартаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент медицина институты, №1 терапия кафедрасының доценті: Ол үлкен ұлағатты ұстаз, шипалы емгер және өте мейірімді кісі еді. Әсіресе, менің жүрегімді осы уақытқа дейін жылытатын диплом алған кездегі ол кісінің ерекше ықыласы, ерекше махаббаты болатын. Әрбір істі бастаған кезде көзінен жылы ұшқын шашып, жұмысына махаббатпен берілетін адам еді. Медицина саласындағы жаңа үдерістерді бірлесе талқылаған жиын алдағы уақытта да ұйымдастырылып тұрмақ.