15.05.2015 в 18:27

Жыл шебері анықталды

Шымкентте техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің арасындағы «Жыл шебері – 2015» байқауы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы ерекше инновациялық жобаларды іріктеген байқау үш түрлі саланы қамтыды. Бұл жолы құрылыс, техника және ауыл шаруашылығына қажетті дүниелерді оқушылар мен өндірістік оқыту шеберлері ұсынды. Сайыс саңлақтары «Жыл шебері», «Жас ізденімпаз» сондай-ақ, жүлделі орындарды еншіледі. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Оған өңірдегі 42 колледжден бас – аяғы қырыққа жуық жоба ұсынылды. Eнді шығармашыл жастарға қолдау көрсетілмек. Көпшілік назарына ұсынылған ең үздік деген жобалар көрмеге қойылды. Өз дүниелерін таныстырып, оның тиімділігін жеткізген қатысушылар марапатқа ие болды. Солардың бірі – Сейдахмет Ыдырыс. Ол құрылысқа қажетті «Механикалық бедерлеу станогының» жобасын ойлап тапқан. Оны жинақтауға шебер 3 ай уақыт жұмсапты. Қаражатта көп кетпеген. Бар болғаны 37 мың теңге. Салтанатты жиында жұмыс беруші серіктестіктерге де дипломдар үлестірілді. Мықтылар жарысқан сайыстың 3-күнінде нағыз шеберлер де белгілі болды. Ақшалай сыйлықтармен марапатталған өндірістік шеберлердің бұл сайысы үшін облыстық бюджет 5 млн. теңге бөлген. Үшінші орынды иеленген шеберге 60 мың теңге берілсе, екінші орынды жүлделегендерге 90 мың теңге сыйақы, ал 255 мың теңгені ең үздік деп саналған 4 шебер қанжығалады. Сондай-ақ республикалық сайыстың жеңімпаздары мен облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері марапатталды.