18.05.2015 в 18:34

Ұлттық дельфий ойындары Шымкентте өтеді

Бүгінгі таңда дельфийлік ойындар – бұл өнер әлеміндегі сан-алуан бағыттарды біріктіретін дүниежүзіндегі жалғыз сайыс. Дельфийлік ойындар жас таланттарға қолдау көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар, жастарды эстетикалық, азаматтық-патриоттық рухта тәрбиелеп, өзге мәдениеттерге қызығушылық тудырудағы басты құрал ретінде де белгілі. Осы тұрғыда, биылғы Ұлттық дельфий ойындары шілде айында Шымкент қаласында өтеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық дельфий комитеті» қорының атқарушы директоры Бақытжан Тәжинов айтты.  «Биылғы Ұлттық дельфий ойындары шілде айында Шымкент қаласында өтеді. Халықаралық дельфийлік ойындарда жақсы нәтижеге қол жеткізгендіктен, биылғы ұлттық ойындарға да дайындық қызу жүргізілуде. Биылғы сайыс өте жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз», - деді қор директоры.

Айта кетейік, 1-6 мамыр аралығында Ресейдің Орел қаласында өткен Халықаралық дельфий ойындарында Қазақстаннан барған құрама командалық есепте 4-ші орынға табан тіреді. Олар 1 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Көкшетау музыкалық колледжінің оқушысы Бауыржан Нұрмұханов «Халық әні» санаты бойынша алтын алса, «Халық биі» санатында «Арна» би тобы және «Қазіргі заманғы би» аталымы бойынша «Інжу-маржан» би ұжымы күміс медаль иеленді.

Ал «Киім дизайны» аталымы бойынша дизайнер Әйгерім Қоқымбай мен «Академиялық ән салу» аталымында Азат Тұранел қола жүлде иегері атанды.