Мақтарал ауданында көп тілді мектеп пайдалануға берілді, жаңа типті бұл мектеп оқушыларға есігін ашты. Береке ауылында орын тепкен Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектебі 300 орынға лайықталған. Заман талабына толық жауап беретін ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Береке ауылындағы Әл-Фараби мектебі кезінде жатақханаға арналып салынып, 1970-жылы білім ұясына ыңғайластырылған. Мұнда 462 оқушы тар сыныптарда 3 ауысымда білім алып келген еді. Енді ауыл балалары заманауи құрал–жабдықтармен жабдықталған, 2 қабатты оқу ордасында оқуға мүмкіндік алды. 5 ұлттың балалары білім алатын білім ошағына көп тілді мектеп деген статус берілді. Дүрия Тастанбекова, Әл-Фараби атындағы ЖОМ директоры: «Қазақ, өзбек, орыс тілінде оқушыларымыз білім алады. Жаңа мектептің ғимаратына қазір биология, химия кабинеті, физика кабинеті келді, 2 мультимедия кабинеті келді, сосын 2 информатика кабинетіміз бар. Жаңа спорт залымыз бар үлкен, барлық спорттық құралдармен жабдықталған. Өте жақсы. Сынып бөлмелері кең, жарық. Мектеп бас–аяғы бір жылдың ішінде салынып бітті». Құрылысты жүргізген «АрКуаГрупп» серіктестігі. Мердігер мекеме облыс қазынасынан бөлінген 438 млн теңгені толықтай игерген. Мектеп ауласын көркейту, көгалдандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізіпті. Құрылыс жұмыстары барысында 200-ге тарта жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған. Қуанышбек Елтаев, «Аркуагрупп» ЖШС бас инженері: Бұған дейін біз осы Мақтарал өңірінде фельдшерлік-акушерлік пункттер бірнешесін салдық, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік осы ауданда. Істеген жұмыстарымыздың бәрі сапалы, осы уақытқа дейін біздің атымызға қатты реніш сөздер келген жоқ. Құрылыс сапасына біз қазіргі таңда 5 жылға кепілдік мерзіміміз бар. Пайдалануға берілген көптілді жаңа мектеп ауыл балаларының сапалы білім алып, артылған сенімдерді ақтауына оң септігін тигізері анық.