20.05.2015 в 17:11

ОҚО-да үндік етінің экспорты көбейді

Биыл Оңтүстіктегі «Ордабасы құс» фабрикасы үндік етінен 10 мың тонна дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығының шетелдік өндірушілерге деген тәуелділігін азайтады деп күтілуде.Қазақстанның құс етін шығарушылар қауымдастығының мәліметінше, елімізде құс етіне деген сұраныс жылына 350 мың тоннаны құрайды. Егер бес жыл бұрын осы мөлшердің 1/3 бөлігі ғана өзімізде шығарылса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 50 пайызға жетіп отыр. Қазіргі кезде «Ордабасы құс» фабрикасында 400-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың көбісі — Бадам және Бөржар ауылдарының тұрғындары. Фабирка жұмысшылары үндік етінен шұжық, ысталған өнімдер — жалпы, 15 өнім шығарады. Үндіктің еті — өте пайдалы, ағзаға тез сіңеді. Холестерин аз. Оған қоса мұндағы өнімдерге дәмдеуіштер мен өзге де қоспалар қосылмайды.Фабриканың шұжық цехынан бөлек жеңсік астар бөлімі де бар. Ресейдік құрылғылармен жабдықталған ол бөлімде үндіктің кеуде және сан етінен ысталған өнімдер жасайды. Биылғы үш айдың ішінде шығарған өнімнің 40 пайызы Евразиялық одақ елдеріне жөнелтілді. Ал бұл көрсеткіш бұған дейін 30 пайыздан аспайдын екен. Осы орайда «Ордабасы құс» фабрикасының басшылығы өндіріс қуатын арттыруда көздеп отыр. Нақтырақ айтқанда, Арыс ауданындағы Ақдала ауылында фабрика филиалының құрылысы басталып кетті.