20.05.2015 в 17:26

Түркістанда Б.Сапарбаев тарихшы ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясына қатысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаевтың Оңтүстік Қазақтан облысына жасаған сапары бүгін Түркістан қаласында жалғасын тапты. Вице-премьер көне шаһарда алдымен былтыр ашылған 200 орындық аурухана мен ауысымына 500 адам қабылдайтын емханада болып, жұмысымен танысты. Бұл туралы ОҚО баспасөз қызметі хабарлады. Заман талабына сай соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған аурухана түркістандықтар үшін аса құнды тарту болды. Бұл медицина ұйымдары бүгінде 250 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Ал емханаға арнайы келген Үкімет басшысының орынбасары емхана ұжымымен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Еліміздегі медицина саласында болып жатқан оң өзгерістерді баяндаған Б.Сапарбаев ендігі міндет дәрігерлер мен қатардағы медицина қызметкерлерінің білімі мен білігін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру деп түйді. ‒ Түркістанның әлеуметтік-эканомикалық даму қарқыны жақсы. Қала әкімінің айтуынша мұнда соңғы жылдары 20 денсаулық сақтау нысаны мен 22 білім ошағы пайдалануға берілген. Мұның бәрі Елбасының салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Киелі Түркістанда 46 ұлт өкілінің берекелі бірлігі де тәуелсіздігіміздің жемісі-деп бағалады. Бұдан соң Вице-премьердің жұмыс сапары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғасты. Мұнда ол «Қазақ мемлекеттілігіндегі қазақ хандығының орны» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның жұмысына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Конференцияға Түркия, Иран, Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және т.б., елдерден 200-ден аса тарихшы, философ, теолог, филолог, шығыстанушы, этнографтар мен деректанушы, тарихнамашы ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері қатысуда. Ғылыми шараның жұмысы қазақ, түрік, орыс, ағылшын және бүгінгі түркі тілдерінде өтуде. Конференция Қазақ мемлекеттілігінің тарихы, Мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы әдебиеттің рөлі, Тарихи жазба деректер мен оны зерттеудің маңыздылығы, Жаһандану кезеңіндегі түркі мәдениетінің жайы секциялары бойынша ұйымдастырылуда.