Осыған дейін мақтаны тек өсірумен ғана айналысып келген облысымызда бұл күндері жіп иіріліп, мата тоқылады. Енді киім де тігіліп жатыр. Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы тігін фабрикасы шығарып жатқан ерлердің костюм-шалбары бүгінде нарықтағы бәсі жоғары отандық өнімге айналды. Осыдан бір жыл бұрын мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған кәсіпорында бүгінде 100-ден астам қыз-келіншек жұмыс істейді. Фабрика ашылар тұста Сайрам ауданының бірталай азаматы «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша қайта оқып, кәсіп меңгеріп шықты. Түрік технологиясы дегені болмас, ешбір шетелдің костюм-шалбарынан кем емес. Фабрика өнімі «Алтын адам» сауда белгісімен танымал. Қазір мұнда күніне 300 костюм-шалбар тігіледі. Тұтынушылардың талғамы мен нарықтағы сұранысқа қарай киімдердің матасы мен сән үлгілеріне айырықша мән беріледі. Озық технологияны меңгеру үшін мамандар Италия мен Түркия секілді тоқыма өнеркәсібі дамыған елдерге барып тәжірибе жинақтап қайтады. Мұның барлығы отандық өнімнің бәсекеге лайықты болуы үшін жасалып жатқан істер. Балжан Қалмұрадова, фабрика директорының орынбасары: «Базарлармен жұмыс істеп жатырмыз қазір. Сұраныс болып жатыр. Сапасы жоғары екеніне көзі жетіп жатқан жағдайы бар. Халық енді үйреніп жатыр». Базар жағаламастан фабрика жанынан ашылған арнайы дүкенге келіп жатқандар да баршылық. Өйткені, таңдау көп. Сапасы жақсы. Кәсіпорын енді екі ауысыммен жұмыс істеуге көшкелі жатыр. Жуырда оқушыларға арналған мектеп формасын тігуге тапсырыс алды. Өндіріс қуаты артатын болған соң жұмыс орны 300-ге дейін ұлғаймақ.