21.05.2015 в 00:43

Б.Сапарбаев: Оңтүстікте – қандай да бір қиыншылық немесе шешілмей жатқан мәселе жоқ

Бұл туралы бүгін Түркістанға жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. Вице-премьер Түркістандағы 23 түркітілдес елдердің әдебиеттері жинақталған кітапханада болып, «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған «Сабина» балабақшасында болып, үш мыңға жуық оқушы білім алатын М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының жұмысымен танысты, деп мәлімдейді ОҚО баспасөз қызметі. Онда облыстық білім басқармасының жетекшісі өңірдің білім саласындағы басты көрсеткіштерін баяндады. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев осы мектепті биыл бітіретін 11-сынып оқушыларымен кездесіп, ҰБТ-ға дайындық жайын сұрады. Сынып бөлмелерін аралап, мекеменің материалдық-техникалық базасын көріп, облысқа жасаған екі күндік жұмыс сапарын қорытындылады. – Оңтүстікке келгендегі мақсатым – Мемлекет басшысының Оңтүстік Қазақстан облысына берген тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын көріп, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын, жағдайын білу. Осы екі күнде біраз әлеуметтік мекемелерді араладым. Қызметкерлермен кездестік, кәсіпорындарда болдық. Негізгі экономикалық ауыртпашылық әлеуметтік салаға әсер етеді. Бірақ біздің байқағанымыз оңтүстікте – қандай да бір қиыншылық немесе шешілмей жатқан мәселе жоқ. Керісінше экономикалық дағдарыстар болып жатса да Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік сала өзінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, халыққа сапалы қызмет етуде. Мәселен, осы бес жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстанда 300-ге жуық мектеп пен мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымдар ашылған. Осы балабақшалардың 40 пайызға жуығы кәсіпкерлердің қаржысына салынған. Тағы бір қуантатыны Шымкент, Түркістан қалалары мен аудандарда салынып жатқан тұрғын үйлер. Бұл да халық тұрмысының жақсарғанын көрсетеді. Облыс әкімдігінің берген мәліметіне қарағанда 4 айдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы жылдан жоғары. Шағын және орта бизнес елімізде Алматыдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында жақсы дамыған. Соның арқасында дағдарыс бұл өңірге өз әсерін тигізіп отырған жоқ. Екіншіден, мұнда ауыл шаруашығы жақсы дамыған. Мұның барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырмаларының орындалып, жұмыстың дұрыс жүріп жатқанын білдіреді, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев.