Қайырымдылық шарасы аясында көру және есту қабілеті нашар балалар көрме ұйымдастырылды.Осындай атаумен облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада кеш ұйымдастырылды. Жазба ақындар жыр мүшайрасына 16-мен 45 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Байқауға 11 үміткердің шығармасы ұсынылып, соның 7-еуінің өлеңдері іріктеуден өтті. Бәкір Нұрманбетов, облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың директоры: Мүгедектер арасында өнерлі азаматтар өте көп. Солардың жүректерінен шыққан еңбектерін бағалап, өмірлеріне сән берсек, мән берсек деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз. Кештің өтуіне мұрындық болған облыстық «Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігі. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 1 жыл. Өнерлі, талантты мүмкіндігі шектеулі жандарды республика көлеміне таныту - ұйымның басты мақсаты. Бүгінгі кеште еткен еңбек ақталды. Бірлестіктің құрылудағы негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандардың бойындағы таланты мен ерекше дарын қабілетін көпшілікке паш ету. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі болса да ұлттық өнер мен қаймағы бұзылмаған қазақ әдебиетіне сусындаған дарын иелерінің талабын ұштауды көздейді. Бұл шарада сондай-ақ, «Шалқар Шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жас ақын Ербек Бакиевтің кітабы жарыққа шықты. Шығарма авторы - екінші топтағы мүгедек. Ол бірнеше облыстық жыр мүшәйрасына қатысып, жүлдегер атанған. Тұсауы кесілген «Жас жаным құштар ақ таңға» атты алғашқы жыр кітабы 88 беттен тұрады. Туындыда әр түрлі тақырыптағы өлеңдер жинақталған. Мүмкіндігі шектеулі болса да олардың жыр әлемінде жазар ойы, айтар сыры сан алуан екендігіне осы кеште көз жетті, көңіл сенді.