Бүгін Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласында ауысымына 200 адамды қабылдайтын емхана мен 180 орындық орталық аурухана ашылып, ел игілігіне берілді.
Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов барша төлебиліктерді жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
‒ Елбасы өз Жолдауында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізіп, материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз деген болатын. Бүгін осының негізінде заманауи типте салынған нысан медициналық техниканың соңғы қондырғыларымен жабдықталған. Облыста өткен жылы 68 денсаулық сақтау нысанның құрылысы жүріп, 64-і пайдалануға берілді. Ал, биыл 25 нысанның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы бес жылда өңірде үш жүзге жуық медициналық нысан салынды ‒ деді Б.Оспанов.
Мұнда тұрғындарға білікті 41 дәрігер мен 150-ге жуық медбике қызмет көрсетеді. Ауруханадағы жаңа заманауи құрылғылар Ресей, Оңтүстік Корея, Германия сынды мемлекеттерден жеткізілген. Аусымына 200 адамды қабылдайтын емхана стационарлық ем алуға, сондай-ақ, тәжірибеге жаңа заман талабына сай тәсілдер мен алдын-алу шараларын енгізуге, диагностикалауға және ауруларды емдеуге арналған.
Бүгінгі таңда Төле би ауданында 2 емхана, 9 дәрігерлік амбулатория, 16 медициналық пункт пен 19 фельдшерлік акушерлік бекет тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.