22.05.2015 в 17:58

Оңтүстікте ІІ Халықаралық инвестициялық форум өтеді

Бүгін облыс әкімдігіндегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев журналистерге арнайы брифинг өткізіп, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін насихаттау мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы іс-шаралар жоспарының таныстырылымын өткізді. Атап айтқанда, маусымда кіші және орта бизнесті мемлекеттік қолдау және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелеріне арналған форум өткізілсе, қыркүйекте ІІ Халықаралық инвестициялық форум өз жұмысын бастамақ. Осы форум аясында тамақ өнеркәсібіне арналған халықаралық көрме өтеді. Ал қазан айында тігін өнеркәсібі құрал жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге оның айтуынша, форумда компаниялардың қаржылық ашықтығы, қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарына көшу және осыған байланысты туындайтын мәселелер талқыланады. "Бұған қоса іскерлік этика, компания аясындағы мүдделер қайшылығы мәселелері де көтеріледі. Мәселен, кей жағдайда жетекшілер жеке басының немесе компанияның мүддесіне байланысты орынды деуге келмейтін шешімдер қабылдап жатады, осы мәселелер талқыға салынады. Қараша айында ауылшаруашылығы техникалары мен өсімдік және мал шаруашылығында қолданылатын жабдықтар көрмесі, «Транспорт, логистика және инфрақұрылым» халықаралық көрмесі мен форум өз жұмысын бастамақ. Сондай-ақ, биылғы жылы облыс кәсіпкерлері Ұлыбритания, Италия, ҚХР, Оңтүстік Корея, Жапония елдеріне барып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын жүргізбек.