Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының 61-ші қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту, шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау міндеттері алға қойылған.
Биылғы жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау жөнінде ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және облыс әкімдігі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Бекішов осы шаралардың алғышарты ретінде мынадай мәліметтерді алға тартады. Бүгінгі күні облыс бойынша 274 мыңнан аса мүйізді ірі қара, 724 мың бас қой мен ешкі, 93,5 мың бас жылқы, 38,5 мың бас түйе, 2,9 мың бас шошқа және 88,6 мың бас құс өсірілуде. Былтыр асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен 1524 млн. теңге субсидия бөлініп игерілсе, биылғы жылы 2250,7 млн. теңге қаралып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 726,8 млн теңгеге артық.
Өңірде «Сыбаға» бағдарламасы аясында 3000 бас сиыр және 100 бас асыл тұқымды ет бағытындағы бұқа сатып алу жоспарланған. «Алтын сақа» бағдарламасы бойынша биыл 10 мың бас қой сатып алу межеде тұрса, бүгінгі күні 2297 аналық қой, 69 бас қошқар сатып алынып, жоспар 23 пайызға орындалды.
«Құлан» бағдарламасымен жоспарланған 1 мың бас жылқыдан 949 бас бие, 96 бас айғырды 31 шаруашылық 285,5 млн. теңгеге несиеге алып, жоспар 95 пайызға орындалған.
Мұнан өзге Қазалы ауданында «Сыр маржаны» ЖШС 500 бас мүйізді ірі қара малына арналған бордақылау алаңын іске қоспақшы. Сондай-ақ, ет өндірісін дамыту мақсатында Жалағаш ауданында «Мега Агро» ЖШС және Сырдария ауданындағы «Шаған-Жер» ЖШС «ҚазАгроӨнім» АҚ арқылы 3000 бас ірі қара малына арналған кешенді бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.
Қорыта келе, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының іске асырылуы арқасында өндірілетін жас еттің көлемі артатын болады. Бұл өз кезегінде импорттық тәуелділікті тежей отырып, экспорттың әлеуетін артатындығын көрсетеді. Ағымдағы жылы алыс және жақын шет елдерге етті экспортқа шығару мақсатында Қызылорда қаласынан «Ет-сүт өңдеу орталығын» құру жоспарлануда. Жобаның жылдық қуаттылығы 5280 тоннаны құрайды.