Егемен еліміздің айбынды әскерінің қатарына Сыр өңірінен биыл көктемде 700-ден аса азамат аттанады. Солардың бір легін бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шығарып салып, оларға сәт-сапар тіледі, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Қазір әскерге шақырылушыларға қойылар талап күшейді. Олардың денсаулықтары құрыштай берік болуы шарт. Біліміне де барынша назар аударылуда. Бұл - жаңа буынның сарбаздары жоғары әскери дайындықта болады деген сөз.
- Сіздер бүгін әскер қатарына аттанғалы отырсыздар. Ел тыныштығын күзету - азаматтық борыш. Қазір заман тыныш. Алайда, бұл Отан күзетіндегі жауынгердің жауапкершілігін жеңілдетпейді. Алаштың анасы - Сыр елінің бүгінгі жастары алған тәлім-тәрбиесі, білімі мен өмірлік тәжірибесінің арқасында мерзімді әскери қызметін жоғары жауынгерлік деңгейде атқаратынына сеніміміз мол. Осыған орай, мен Сіздерге үлкен сенім артып отырмын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Әскери борышын өтеуге бет бұрғандарға облыс әкімінің атынан Қадыр Мырза Әлінің «Алмас жерде қалмас» кітабы табыс етілді. Сонымен қатар болашақ сарбаздардың ата-аналары да ақ жол тілеп, Отан алдындағы борыштарын аман-есен өтеп қайтуларына тілектестіктерін білдірсе, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ақ батасын берді.