Қазақстан Республикасы Каратэ-до және дәстүрлі күрес өнері Федерациясының ұйытқылығымен жыл сайынғы дәстүрге айналып, әр қалада өткізіліп жүрген чемпионаттың мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлық пен жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресу, каратэ-до спортын дамытуға атсалысу, жас каратэшілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау. Жуырда Ташкент қаласында өткен жекпе-жек түрлерінен жоғары спорт шеберлігі Каратэ-додан Азия чемпионаты өтті. Жарыста 18 мемлекеттен 300-ден астам спортшы қатысқан чемпионатта Қазақстан құрамасынан 25 спортшы бағын сынады. Осы додада оңтүстікқазақстандық Алдияр Мелдеханов алтын медаль, өңір спортшылары екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Алдияр Мелдеханов бірінші кездесуінде ақ Қырғызстан мақтанышы Азамат Алибековты 5:0 есебімен ұтып, 2-жекпе жегінде Түркіменстан спортшысы Оразгелді Пашиковты бет қаратпай 6:0 есебімен ұтты. Ал ширек финалда Иранның азуын айға білеген ауыр қарсылас әлем чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының 2-дүркін чемпионы Ашкари Бахманды 4:3 есебімен жолдан тайдырды.
Жартылай финалда Кувейттің үкілеген үміті Саад Алрашиды 4:2 есебімен ұтып, ақтық сайыста өзіміздің жерлесіміз Абылай Төлтаймен жекпе-жектегі бағын сынады.
Қазақтың екі мақтанышы Ташкентте өткен клубтар арасындағы Азия чемпионатында өз өнерлерін сүйсіндіре көрсеткенде таң қалмаған жанкүйер қалмады. Нәтижесінде Оңтүстік жерлесіміз Алдияр Мелдеханов жеңісімен аяқталды.
Сол дүбірлі жарыста мектептің спортшылары мынадай нәтиже көрсетті:
• Алдияр Мелдеханов (75 кг) ‒ І орын
• Репин Николай (84 кг) ‒ ІI орын
• Утепқалиева Динара (50 кг) ‒ ІI орын
• Степанец Александр (67 кг) ‒ ІII орын
• Утельбаева Мадина (61 кг) ‒ ІII орын
Жаттықтырушылары: Мелдеханов Нұрмахан, Жумабеков Алишер, Джабаев Руслан. Жеңімпаздарымыз алдағы уақытта да осындай биік шыңдарды бағындырады деп сенеміз.