Бүгін Қазақстан бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биылғы жылы Оңтүстікте білім сынағын тапсыруға 10 тест тапсыру бекеті жұмыс істеуде екен. Мұнда 4800 түлек тестілеуге кірді. Түлектер сынаққа сақадай сай, он бір жыл бойы алған білімдерін дәлелдейтін уақыттың жеткенін мойындайды. Бүгінгі сынаққа әрбір тест тапсырушы қатаң тексеруден өтті. Мақсат сынақтың таза өтуі дейді білім және ғылым министрлігінен арнайы келген комиссия төрағасы. Тестке бітіруші түлектерді тексеру құрылғылары арқылы тексеріліп, жіті қадағалудан өткен талапкерлер аудиторияларға жіберілді. Айта өтейік, биыл Оңтүстікте 30 982 бітіруші түлек бар. Оның тең жартысы ҰБТ-тапсырады. Облыс бойынша «Алтын белгіден» үміткер 1081 бітіруші. Биылғы тест нәтижелері тест тапсыру орындарының алдына ілінбейді. Тест тапсырып шыққан әрбір бітіруші сынақ нәтижелерін, тест орталығының сайтынан көре алады. ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Серік Әуесхановтың айтуынша: «Биылғы өзгеріске байланысты тест нәтижелері ілінбейді. Түлек www.testcenter.kz ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, жеке тіркеу кодын және ЖСН нөмерін теріп, өз нәтижесімен таныса алады. Бұл психологиялық тұрғыдан тиімді деп шешілген. Ал сынақ тапсыруға кірген түлектерге сәттілік тілеймін. Олардың әрқайсысы алдын ала дайындықтан өткен, шешуші тестке дейін жеті не тоғыз рет тест тапсырған. Арнайы ережелермен де таныс».