03.06.2015 в 12:19

Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір мектептен 34 бала «Алтын белгі» алатын болды

Оңтүстік Қазақстанда 30982 мектеп бітірушілердің 71 пайызы ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берсе, кеше 4710 оқушы тест тапсырды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша облыстың орта баллы – 78,5 болды. Сондай-ақ, 171 үміткер «Алтын белгіні» растады. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Сүндет Санаевтың айтуынша, кеше кешке басқармаға жағымды жаңалық келіп түскен. «Биылғы өзгеріске байланысты тест нәтижелері ілінбейді.  Түлек www.testcenter.kz ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, жеке тіркеу кодын және ЖСН нөмерін теріп, өз нәтижесімен таныса алады.

«Биыл Мақтарал ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның 74 түлегінің 34-і «Алтын белгіге» үміткер ретінде тіркелген болатын. Міне, сол оқушылар кеше ҰБТ тапсырып, барлығы үмітті ақтады», - дейді бөлім басшысы.

Бөлім басшысының мәліметінше, аймақтағы бұл бірім ордасы биыл тағы бір рет рекорттық көрсеткішті жаңартқан. Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы бұл мектептің 29 түлегі «Алтын белгі» иегері атанса, өткен жылы бұл белгіні 27 түлек кеудесіне таққан еді.  Айта өтейік, биыл Оңтүстікте 30 982 бала мектеп бітірсе, олардың тең жартысы ҰБТ тапсырады. Он бір жыл бойы үздік оқыған 1081 бітіруші «Алтын белгіден» үміткер саналады. ҰБТ тапсыру науқаны 15 маусымға дейін жалғасады деп күтілуде.