03.06.2015 в 13:20

Оңтүстіктегі жылыжайлардың өнімі еселене бермек

Оңтүстік Қазақстанда жылыжайлар көлемі биыл 63 гектарға ұлғайып, жалпы 973 гектарға жетіп отыр. Бұл республикадағы жылыжайлардың 86 пайызын құрап отыр. Бұл туралы брифингте облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбеков мәлім етті.

Қанатбек Оспанбековтың айтуынша, аймақтағы жылыжайлардан жыл басынан бері 85 мың тоннаға жуық өнім алынған.

«Жыл соңына дейін жылыжайлардың көлемін 1050 гектарға жеткізу , ондағы өнім көлемін 170 мың тоннаға өсіру жоспарланып жатыр. Жалпы, жылыжайлар есебінен алынған өнім өндірілген көкөніс өнімдерінің 21 – 25 пайызын құрайды», - дейді ол.

Сонымен қатар, облыста жеміс - көкөніс сақтау қоймаларының жалпы сиымдылығы 210 мың тоннаға жетіп, республикадағы 1/5 бөлігін құрап отыр. Бұл облыс тұрғындарын маусым аралық кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге және артылған өнімдерді сақтап тиімді бағада сатуға толық мүмкіндік береді. Осы тұрғыда, Сайрам, Ордабасы,Түркістан аудандарында отандық көкөністерге сұраныс артуда. . Қазіргі күнде Түркістан қаласының аумағында 35 гектар жерге ірілі-ұсақты жылыжай салынған. Онда 2260-тоннадан артық қызанақ пен 1651 тонна қияр қажет екен. Ал, 2014 жылы Түркістанда 840 тонна қызанақ, 1330 тонна қияр өндірілген. Бұл көрсеткіш қажеттіліктің тең жарымын ғана өтейтіндігі анық. Осындай сандарды тілге тиек еткен басқарма басшысы алдағы уақытта жылыжай көлемін арттыруда жүйелі жұмыс жүргізу күн тәртібінен түспейтіндігін мәлімдеді.