04.06.2015 в 10:23

ОҚО әкімі әлемге әйгілі суретші Никас Сафроновпен кездесті

Күні кеше облыс әкімі А.Мырзахметов Бейнелеу өнері мұражайында Ресей мемлекетінің еңбек сіңірген суретшісі, Ресей Суретшілер академиясының академигі Н.Сафроновпен кездесіп, суретшінің шығармашылығымен танысты, деп мәлімдеді ОҚО әкімідігің баспасөз қызметі. Кездесу барысында өңір әкімі оңтүстіқазақстандық өнер сүйер қауымы мен тұрғындары атынан алғысын білдіріп, кәде сый табыстады. ‒ Бұл шара өңіріміздегі жас таланттардың шыңдалуына тың серпін беретініне сенімім зор. Оңтүстік Қазақстанның топырағынан 80-нен астам суретшілер одағының мүшесі шықты. Олар жасаған 700-ден астам туынды біз кездесіп отырған мұражай қорын толықтырып отыр. Біз өзіңіз секілді талғампаз таланттың Оңтүстік өңірде авторлық көрмесін өткізіп отырғанына дән ризамыз, ‒ деді А.Мырзахметов. Суретші Н.Сафронов көрмені ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс басшысына алғысын білдіріп, шығармаларының бірін тарту етті. Ағымдағы жылдың 21 мамыр күні Бейнелеу өнері мұражайында Шымкент қаласының тұрғындарына алғаш рет бейнелеу өнерінің әр түрлі жанрында жұмыс жасайтын Никас Сафроновтың «Таңдамалы» атты шығармашылық жеке көрмесі ашылған болатын. Бұл көрме 21 маусымға дейін жалғасын табады. Суретші жұмысының басым бөлігін әлем мұражайларының басты және жеке меншік жинақтарынан көруге болады. Көрмеге суретшінің символизм стиліндегі классикалық портрет, табиғат көрінісі, сюжеттік композициялар, Dream Vision авторлық стиліндегі суреттерін қосқанда түрлі бағыттардағы 150 туындысы көрермен назарына ұсынылуда. Никас Сафронов – түрлі жанрларды шебер игерген қазіргі заманғы ресейлік суретшілердің көрнекті өкілінің бірі. Суретшінің көптеген жұмыстары Софи Лорен, Ален Делон, Жан-Поль Бельмондо, Пьер Карден, Дайана Росс, Монтсеррат Кабалье, Мадонна, Михаил Горбачев, Никита Михалков сынды саяси тұлғалар мен мәдениет жұлдыздарының жеке жинақтарында және ресейлік әрі шетелдік жетекші музейлерде сақталған. 2014 жылдың күз мезгілінен бастап, қазақстандықтар Н.Сафроновтың әр қалада өткізілген дербес көрмелерімен танысуға мүмкіндік алды.