Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйі былтырғы жылы Елбасының қатысуымен ашылған болатын. Қысқа уақыт ішінде бұл қонақүй әлемдегі үздіктердің қатарына ілігіп үлгерді. Сүйнші хабарды бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте қонақүйдің құрылтайшысы Серікжан Сейтжанов пен қонақүйдің бас менеджері Полл Томас мәлімдеді. Сәулеті келіскен бұл ғимарат Шымкенттің көркіне айналғаны сөзсіз. Мұндағы сервистік, маркетингтік қызмет түрлері әлем елдерінің озық тәжірибесі негізінде құрылған. Ішкі және сыртқы интерьерлердің безендірілуі, комфорттылық деңгейі, әр бөлменің үйлесімді жабдықталуы қонақүйдің сымбатын салмақтап, келбетін көркемдей түскен. Қонақүйдің дербес веб-сайты да ашылып, Шымкенттей шаһардың атын әлемге әйгілеуде. «Дүниежүзінде «Rixos» брендін иемденген 30 қонақ үй бар. Одан бөлек 400-ден астам отель премъер-люкс санатында. Солардың ішінде өткен сында «Rixos Khadisha Shymkent» үздік деп танылды. Сән мен салтанат сын додасына түсетін бұл байқау жылына бір рет өтеді. Биылғы сын Монте-Карлода өтті. Келешекте мұндай байқаудың Шымкентте өтуі де ғажап емес»- дейді қонақүйдің бас менеджері Полл Томас. Қазақстанда бұл брендті иемденген төрт қонақ үй болса, Астана қаласында тағы біреуі бой көтеруде.