04.06.2015 в 16:27

ОҚО-да бес мың адамның қатысуымен «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы өтті

Мемлекеттік рәміздері күнне орай Шымкенттегі Мемлекеттік рәміздер алаңында «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы өтті. Салтанатты шараға арнайы қатысқан облыс әкімі А.Мырзахметов барша оңтүстікқазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, Отанымыздың нағыз патриоттары болуға шақырды. ‒ Бүгін кең-байтақ елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтуде. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін көгімізде көк байрағымыз желбіреді. Біле-білсек, біздің күн астында қанат қаққан қыран бейнелі көк байрағымыз бабадан жеткен бүкіл тулардың құтты жалғасы, қасиетті жиынтығы. Ал, елтаңбадағы қос пырақтың бейнесі терең тарихымыздың сырын ашады. Біздің Гимніміз «Менің Қазақстаным» деп аталады. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жан жүрегі тебірене айтады. Гимн – ұлттық және патриоттық тәрбиенің нағыз қайнар көзі, ‒ деді өңір басшысы. Бес мыңға жуық адамның қатысуымен өткен салтанатты шарада әр ұлттың өкілдері жартылай шеңберде сап түзеп, жастарымыз «Қазақ елі осындай» әніне флеш-моб орындады. Рәміздер алаңына еліміздің мемлекеттік рәміздерін 32 сарбаз бен екі офицер алып келді. Шара облыс өнерпаздарының концертік бағдарламасымен жалғасын тапты. Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге оның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Гимні дүниеге келді. Мемлекеттік рәміздерді Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбір азамат қадірлеп, құрмет тұтады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылғы 4 маусымда қабылданып, осымен тоғызыншы жыл қатарынан тойланып келеді.