05.06.2015 в 20:22

ОҚО әкімі жеке азаматтарды қабылдады

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов бірқатар азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына алғаш болып кірген Шымкент қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айнұр Сырлыбай баспана жайын көтеріп, өзінің тұрғын үй кезегінде 6004-ші болып тіркелгенін жеткізді. Өтінішті мұқият тыңдаған облыс әкімі жауапты тұлғаларға пәтер жалдау мәселесін демеушілер есебінен шешуді тапсырды. Тұрғындардан мұндай өтініштер жиі түсетінін алға тартқан Асқар Мырзахметов халықтың әлжуаз тобына қалталы азаматтар есебінен көмек беру мәселесіне көңіл бөліп, мұқтаж азаматтар тізімін әзірлеп, оны сайтқа орналастыруды жүктеді. Ал «Самал» шағынауданының тұрғыны Ералы Күлходжаев 112-ораммен жалғасқан Өтегенов көшесіне жол салу жайын көтерді. Бұл мәселеде өңір басшысы аймақта 9 млрд. теңгеден астам қаржыға 136 көшені жөндеуден өткізу үшін құжаттар дайындалғанын, межеленген жұмыстардың кезең-кезеңімен іске асатынын хабарлады. «Адал арна» ЖШС-ның өкілі Леонид Боглов облыс әкімінің алдында Қарамұрт елді мекені маңындағы жерге қатысты қаулы шығару жайын қозғады. Асқар Исабекұлы кәсіпкер өтінішін қарауды облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына мұқият қарауды тапсырды. Сонымен қатар, қабылдауда болған 2014 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, белгілі зілтемірші Жазира Жаппарқұл алдағы белді спорттық жарыстарға қатысу жайын көтерді. Спортшының өтінішін тыңдаған облыс әкімі облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевқа баспанаға және қуатты дәрумендер мен дәрі-дәрмектерге зәру спортшылар мен спорт ардагерлері жайлы дерекқор жасап, оларға көмек беру жолын жүйелендіруді міндеттеді.