08.06.2015 в 15:51

Еңбек қоғамын қалыптастыруға белсенділік қажет

Кәсіподақ күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстағы кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. «Бүгінгі таңда өңірімізде 13 кәсіподақ ұйымы жұмыс жүргізеді»-деді облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Д.Шерімқұлов өңір басшысымен болған кездесуде. «Еңбек ұжымдарын біріктіретін бұл ұйым еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді айқындап, оларды еңбек адамының мүддесі үшін шешуді көздейді. Елбасының бес институционалды реформасы шеңберінде еңбек қатынастары саласында да елеулі өзгерістер болмақ. Біз қоғамдық ұйым ретінде еңбек заңнамасын жетілдіру бағытындағы ұсыныстарымызды білдіретін боламыз»- деді, Д.Шерімқұлов. Облыс әкімі қоғамда еңбек адамының орны мен ролі әрқашан да бөлек екендігіне назар аударды. Асқар Исабекұлы «Елбасы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың ең негізгі бағыты – еңбек қоғамын құру арқылы, өнімділік көлемін ұлғайту. Осы бағытта еңбекшілердің заңды мүддесін қорғап, атқаратын міндетін айқындайтын бірден-бір ұйым – бұл кәсіподақтар»- деді. Еңбек қарым-қатынасын реттеп, желдіру бағытында бұрын тікелей министрлікке қараған облыстық еңбек инспекциясы биылдан бастап облыс әкімдігінің дербес құрылымы болып қалыптасқандығын атап өткен өңір басшысы тиісті салалық басқармалармен бірлесе кәсіподақтар кеңесінің ролін күшейту керек екендігіне көңіл бөлді.