08.06.2015 в 12:28

Ұлттық келісім әр отбасыдан басталады

Қызылордада «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. Үздік отбасыларды облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы құттықтады.

Отбасы - қоғамдық құрылымның кіші тобы, алғашқы ұясы, адамның өте маңызды, жауапты жан ұясы. Мемлекетіміздің мызғымас беріктігі ондағы жанұялардың бақытты, саламатты болуына тікелей байланысты. Отбасылық құндылықтарды жаңғырту мен отбасы мәртебесін арттыру мақсатында Елбасының  қолдауымен «Мерейлі отбасы» жобасы  жүзеге асып келеді.

Салт-дәстүрді жаңғыртуды, отбасылық тәрбиенің озық үлгісін көрсетуді көздейтін байқаудың алғашқы кезеңдері аудандарда өткізілді.  Ал облыстық сайысқа тек үздік отбасылар қатысты. Жарысқа қатысқан барлық отбасын үлгі етуге болады. Байқау қорытындысы бойынша Арал ауданынан келген Айымбетовтер әулеті мен жалағаштық Нұрманбетовтер әулеті бірінші орынды иеленді. Бұл отбасыларға отандық шипажайға жолдама берілді. Тиісінше екінші орынды Сәдуақасовтар әулеті (Сырдария ауданы) мен Абылбековтер әулеті (Қызылорда қаласы) иеленсе, үздік үштікті Дямуршаевтар әулеті (Қармақшы ауданы) мен Жұмабековтер әулеті (Сырдария ауданы) қорытындылады. Ал Бакировтер отбасы (Шиелі ауданы) «Берекелі шаңырақ», Шәкеновтер отбасы (Жаңақорған ауданы) «Денсаулық бағбаны», Сексенбаевтар отбасы (Қазалы ауданы) «Білім нұры» аталымдарын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен мен сыйлықтармен марапатталды.