09.06.2015 в 16:18

Шымкенттің жасыл белдеуі 5 мың гектарға ұлғайды

Шымкент қаласы айналасында жасыл белдеу жасауға қосымша 2,5 мың га. жер бөлініп, оның жалпы көлемі 5 мың га. ұлғайды. Жасыл екпелерді егу мен күтім жасау жұмысын жүргізетін «Жасыл аймақ» коммуналдық мекемесі құрылды. Бұл туралы бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Отаршиев мәлімдеді. Облыс аумағындағы орман қоры 3132,1 мың га. жетіп отыр. Орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 40-тан аса түрлері өсірілуде. Биылғы жылдың 5 айында ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында 504 км жаңадан минералдық жолақтар салынып, 2490 км бұрынғы минералдық жолақтар жаңартылған, 183 км өртке қарсы жолдар жөнделген. Орман алқаптарында сұғанақтықпен күресу бағытында 186 рейдтік бақылаулар жүргізіліп, 49 заңбұзушылықтар анықталған. Заңбұзушыларға 283,4 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар биылдан бастап «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» аумағында үш жыл бойы аң аулауға мораторий жарияланды. Бүгінгі таңда мұнда Бұхар бұғыларының басы 81-ге жетті. Бұғылардың гендік құрамын жақсарту мақсатында, оларды сырттан әкелу және тұқымбақтағы бастарын еркіндікке жіберу жұмыстары жүргізілуде. Өңірлік парктің Боралдай және Сырдария филиалдарында елік пен қырғауылдарды қолдан өсіру үшін тұқымбақтар құруға биологиялық негіздеме жасалуда. Сол сияқты, оңтүстіктің эндемигі саналатын қаратау арқарларының емін-еркін қоныс аударуын қамтамасыз ету мақсатында экологиялық дәліздің жобасын дайындау жұмыстары осы жылы аяқталмақ.