Парижде ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның барысында Дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісіне 20 жаңа нысан енгізілді, оның ішінде Ақсу-Жабағылы (Қазақстан) биосфералық қорығы бар, деп хабарланды ЮНЕСКО баспасөз баянында. Бүгінде 120 елде биосфералық қорықтардың жалпы саны 651-ді құрайды, олардың 15-і трансшекаралық. Ақсу-Жабағылы қорығы батыс Тянь-Шаньда Қаратау қаласының оңтүстігінде орналасқан. Жалпы алаңы 357 734 гектар. Оның аумағында өңірдегі құстардың барлық түрінің 48 пайызы, омыртқалы жануарлардың 72,5 пайызы мекендейді. Қорық жері, негізінен, ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Қырлық егіс аймағында дәнді-дақылар (бидай, арпа), суармалы егістік жерде жемшөп дақылдары (жүгері, жоңышқа, беде) өсіріледі. Жергілікті халық, әдетте, мал (қой, ешкі, жылқы, құстар) өсірумен айналысады. Құстарды бақылауға әлемдегі үздік орындардың бірі болып табылатын Ақсу-Жабағылы қорығының экотуризмді дамытуда әлеуеті зор. Бұдан басқа, қорықта жануарлар әлемінің экологиясы саласындағы белсенді зерттеулер жүргізіледі. 1970-ші жылдардың басында ЮНЕСКО негізін қалаған «Адам және биосфера» бағдарламасы адам мен табиғаттың өзара іс-қимылын жаһандық оңтайландыруға бағытталған ғылыми үкіметаралық жобаны қамтиды. Дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісі жыл сайын бағдарламаның халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен жаңа нысандармен толығып отырады, оның құрамына ЮНЕСКО-ға мүше 34 мемлекет өкілдері кіреді.