15.06.2015 в 12:35

Мақсат – өндірісті дамытып, әлеуетті арттыру

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов облыс орталығындағы өндіріс орындарында болып, олардың алдағы даму жоспарын талқылады, деп хабарлайды  ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Өңір басшысы бастаған топ алдымен «Оңтүстік» индустриялды аймағына барып, құны 76,5 млрд. теңге болатын 71 инвестициялық жобаның іске асу барысын пысықтады. Сондай-ақ, аймақты абаттандыру бағытында жасалатын жұмыстардың жоба-жоспарымен танысты. Облыс әкімі аймақ дирекциясы мен жауапты мамандарға өңірде өндірілетін өнім түрлері мен іске асып жатқан инвестициялық жобалар жайлы осы аймақта арнайы көрме ашуды тапсырды. Өз кезегінде А.Мырзахметов еліміздің өзге өңірлерінде жоқ аймақтың Оңтүстік Қазақстанда жұмыс жасап келе жатқанын айтып, алдағы уақытта қосымша инвестиция тарту, тың жобаларды игеру және осында қолға алынған жобаларды дамыту жайына ерекше тоқталды. Бұдан кейін жұмысшы топ «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы» «Бал Текстиль» кілем фабрикасы мен мақта целлюлозасын өндіретін «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-ның кәсіпорнында, «KazBioLife» ЖШС-ның гофрокартон өндірісінде және кешенді жіп иіретін «Оски текстиль» фабрикасында болды. Бүгінде ішкі және сыртқы нарыққа өз өнімдерін шығару бағытында жұмыс жасап жатқан нысандардың басы-қасында болған өңір басшысы кез келген ілкімді жобаларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау болатынын жеткізіп, жұмыс барысында орын алған проблемалардың шешу жолдарын түсіндірді. Өндірісті дамытып, ішкі нарық пен дайын тауарларды экспорттаудың әлеуетін барынша арттырудың жайын талқылады. Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына арнайы келген өңір басшысы осында құрылысы аяқталған аудандық, қалалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлік мектептерінің мамандарымен онлайн режимде тілдесті. Байланыс барысында аудандар мен қаладағы кәсіпкерлік мектептерінің қызметкерлері өздерінің жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді. Сапар соңында облыс әкімі салалық басқарма басшылары мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар беріп, нақты міндеттер жүктеді.