17.06.2015 в 19:34

Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мәселелері қаралды

Бүгін Қызылордада облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің мәселелеріне арналған облыстық семинар өтті.

Шараны Облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы жүргізді. Ол өз сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтаудағы дара саясатын жүзеге асыруда белсенді роль атқаратын бірегей құрылым екенін Өздеріңіз жақсы білесіздер» деп атап өтті.

Облыстық ассамблеяның жұмысына қолдау көрсетіп, өз іс-тәжірибесімен бөлісу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Назипа Ыдырысқызы Шанаи қатысты.

Ассамблеяның ауқымын кеңейту мақсатында 2014 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.

Облыстық ассамблея жанында облыстық ғылыми-сарапшылық топ, Аналар, қоғамдық келісім кеңестері жұмыс жасайды.

2014-2015 оқу жылынан бастап облыстық ассамблеяның бастамасымен көпэтносты мектептерде толеранттылық клубтары құрылуда.

Аудандарда этнобағытталған бірлестіктер құрылып, облыстағы этномәдени бірлестіктердің жастар қанатын құру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Хатшылық «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітіп, облыстық прокуратурамен «Ұлтаралық шиеленістің және оған бастайтын әрекеттерге шақыру деректерінің алдын алу мақсатында Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы хатшылығы мен Қызылорда облыстық прокуратурасы арасындағы бірлескен іс-шара жүргізу туралы меморандум» жасасты.

Биыл күз айында «Достық үйі» пайдаланылуға берілмек.

Бұның барлығы облыстық ассамблеяның қызметін нығайту, беделін арттыру бағытында жасалып жатқан дүниелер деп айтуға болады.