18.06.2015 в 14:15

ОҚО: Әлеуметтік нысандар көптеп ашылуда

Бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында облыстық құрылыс басқармасының басшысы К.Орашов 5 айда атқарған жұмыстары жөнінде жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Оның мәліметі бойынша, Оңтүстік Қазақстанда биыл жалпы 225 нысанның құрылысы жүруде екен. Аталған құрылыс нысандарына республикалық және облыстық бюджеттен 45,9 млрд. теңге инвестиция тартылып отыр. Құрылысы жүргізіліп жатқан 225 нысанның 160-сы биыл пайдалануға берілсе, 65 нысанның құрылысы өтпелі. Салынып жатқан нысандардың 101-і білім беру, 25-і денсаулық сақтау, 37-сі тұрғын үй, 10-ы спорт ғимараты, 13-і мәдениет ошағы, 16-сы мемлекеттік мекеме мен тағы сол сынды түрлі ғимараттардың құрылысы жүруде және «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласына жаңа 10 нысанға – 2 750,0 млн. теңге қаржы қаралған. Оның ішінде: 9 мектеп, 1 балабақша. Қазіргі таңда, 9 нысан құрылысына жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі қорытындыланып, жеңімпаз мердігер мекемелер анықталыпты. Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы маңынан жаңа мұрағат пен көркем гимнастика спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатқанын баяндады. Мұнан басқа, Инвесторлар есебінен жекеменшік сауда орталықтары мен медициналық мекемелер пайдалануға тапсырылып, бүгінгі таңда қонақтарды қабылдау үйі, зәулім мешіт пен жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы салынуда – деді К.Орашев.